Өрлеуді өмірінің өзегі еткен жас – қашанда ұшар шыңның басында, жетістік тұғырында болмақ. Өмірдің еңбексіз ештеңе бермейтінін білетін, бақытты елдің ұланы Таңсұлу Берікқызы – қазақтың қаһарман қыздарындай тегеуріні мықты, ақылы асқан ару.
Рухы биік, қылығы көркем қазақтың әр қызы бес еселі бақытқа лайық. Себебі олар – елдің болашағын жалғастырып, тәуелсіздік туын көкте желбірететін Қазақстанның ертеңі. Көзінде оты, бойында намысы бар қазақтың ерке қызы бүгінде ақылды, ибалы болып бойжетіп келеді. Арманы асқақ, сөзінде жалын бар Таңсұлу Берікқызы 2008 жылдың 17 маусымында Қызылорда облысы, Шиелі ауданында ынтымағы мен бірлігі жарасқан, «Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген ата-бабамыздың ұстанымын қолдайтын отбасында дүниеге келді. Өзінің жарық өмірге келуімен бүкіл әулетінің қуанышын еселеген сүйкімді қыз – берекелі отбасының шамшырағы, үкілеген ақ үміті.
Қазыналы қарттары бар толық отбасында тәлімді тәрбие алып, жақсылыққа жақын болып өскен Таңсұлу үлкенге ізет көрсетуге жасынан дағдыланған. Атасы Үрімбаев Шералы Шиелі кентіндегі Ұлттық Тестілеу орталығының РМҚК-нің №72-филиалының жетекшісі болса, әжесі Ізбасарова Күлжамал – «Күміс алқа» иеленген Батыр ана. Таңсұлу – асқар тау атасы мен аяулы әжесінің сүйікті немересі. Балалықтың бал дәуренін болмысы биік, сөзіне ісі сай әкесі Шералыұлы Берік пен жаны жайсаң, мінезі көркем, шұғылалы анасы Шералы Майгүлдің бақытқа толы бақшасында өткізіп, інісі Дәулетханмен бір аулада ойын қызығына тоймай жүрді. Бұл күнде «Білген адам білімді өмір бойы іздейді деген ұстанымдағы ынталы шәкірт – Шералы Таңсұлу Шиелі кентіндегі №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы.
Көпшіл, жан-жақты, ізденімпаз Таңсұлу жаңа ортаға тез бейімделіп, сыныптастарымен оңай тіл табысып, жаңа достар тауып, сыныптастары арасында үлкен беделге ие болды. Мектепте өтетін барлық мәдени іс-шараларға белсене атсалысып, қай кезде де игі істердің басы-қасында жүрді. Оқу бағдарламасындағы барлық пәндерден үлгерімі жоғары талапты шәкірт жаратылыстану бағыты бойынша ғылыми жұмыстарға үзбей қатысып, ізденгіштігімен ерекшеленді.
Сынып белсендісі Таңсұлу – оқу мен спортты қатар алып жүрген жігерлі жас. Кішкентайынан ширақ, қағілез болып өсіп келе жатқан Таңсұлу спортқа біртабан жақын болды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, таэквондо спорт үйірмесінің бапкері Смаил Сүндетхан Таңсұлудың бойындағы жеңіске деген ынта мен жігерді дер кезінде байқап, балғын жастың биіктерге қанат қағуына жол ашты.
«1 пайыз талант пен 99 пайыз төгілген тер» ғана жетістікке жеткізетінін жақсы білетін ұлағатты ұлан күндіз-түні жаттығу залдарынан шықпады. Көп ұзамай нәтижесі көңіл қуантарлық болып шықты. Таңсұлу Берікқызы 2016 жылы WT Таэквондодан Қазақстан Республикасының чемпионатында 8-9 жас балалар арасындағы +28 кг салмақ дәрежесінде Қола Жүлдеге қол жеткізді. Ал 2016 жылы №2 ООРМБЖМ Ашық біріншілігінде ІІ орынды жеңіп алса, дәл осы жылы таэквондодан Қызылорда облыстық Ашық турнирінде +28кг салмақ дәрежесінде топ жарып, жүлдегерлер қатарына кірді.
2016 жылы Қызылорда қалалық Ашық біріншілігінде жүлделі І орын иегері атанды. Таңсұлу ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арнайы ұйымдастырылған таэквондодан облыстық Ашық түрнирде І орынды жеңіп алды.
Таңсұлу Берікқызы үшін жемісті болған 2016 жыл оны тағы бір мәрте биікке көтерді. Корея Республикасының мәдени орталығының ұйымдастыруымен өткен Астана қаласы әкімінің Кубогында І орынды жеңіп алды.
2017 жылы Түркістан қаласында өткен Олимпиада Чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ІІІ Республикалық Ашық біріншілікте І орынды жеңіп алды.
2017 жылы Бокстан Олимпиада Чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған (WTF) таеквондодан Республикалық турнирде 8-9 жас аралығында +30 кг салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп алды.
2017 жылы WT Таэквондодан Қазақстан Республикасының чемпионатында 8-9 жас балалар арасындағы +34 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан Республикасының Чемпионы атанды.
2017 жылы 15 қазан күні Қызылорда қаласында өткен Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсахан Қалмахановты еске алуға арналған таэквондодан облыстық Ашық біріншілікте І орынға ие болды. Сонымен қатар «Almaty Open – Barys Cup 2017» таэквондодан А-санатындағы Халықаралық Ашық біріншілікте +37 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, Бас жүлдені жеңіп алып, мерейі үстем болды. Осы Халықаралық турнирде 8-9 жас аралығында +37 кг салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп алды.
2017 жылы Астана қаласында өткен таэквондодан Астана қаласының әкімінің кубогы турнирінде 8-9 жас аралығында +37 кг салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп алды. 2017 жылы WT таэквондодан 8-9 жас жасөспірімдер арасында +37 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан Республикасының Чемпионы атанды. Қазақстан Республикасының (WT) «Champion» Республикалық Ашық турнирінде 10-11 жас аралығында +33 кг салмақ дәрежесінде Қола медаль иегері атанып, марапат қоржынын толықтыра түсті.
2018 жылы Мұсахан Қалмахановты еске алуға арналған таеквондодан (WT) Республикалық Ашық турнирде 10-11 жас аралығында +34 кг салмақ дәрежесінде Қола жүлдегер атанып, жетістік даңғылына шықты. 2018 жылы 10-11 жас аралығында +36 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан Республикасының Қола жүлдегері иегері. 2018 жылы 10-11 жас аралығында +33 кг салмақ дәрежесінде Мұстафа Өзтүрікті еске алуға арналған Халықаралық Ашық турнирінің І орын жүлдегері. 2019 жылы 10-11 жас аралығында +37 кг салмақ дәрежесінде Сүйіліш батырды еске алуға арналған таэквондодан (WT) балалар, кадеттер және жастар арасында Республикалық Ашық турнирінің Күміс жүлдегері. 2019 жылы 10-11 жас аралығында +34 кг салмақ дәрежесінде бокстан Олимпиада Чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған (WTF) таэквондодан Республикалық турнирде І орынды иемденіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
2019 жылы 10-11 жас аралығында +34 кг салмақ дәрежесінде Мұсахан Қалмахановты еске алуға арналған таэквондодан (WT) Республикалық Ашық турнирде жүлделі І орынды жеңіп алды. 2019 жылы 10-11 жас аралығында +36 кг салмақ дәрежесінде ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі мен «Dostar» спорт клубының жүлдесіне арналған таэквондодан облыстық Ашық біріншілігінде І орын алып, жүлдегерлер көшін бастады.
Жетістікке жетуден алдына жан салмайтын талапшыл, ізденімпаз Таңсұлу 10-11 жас аралығында +40 кг салмақ дәрежесінде WT таэквондодан «Shumkent CUP» Республикалық Ашық турнирде І орын алып, жетістіктерін еселей түсті. Сондай-ақ 2019 жылы 10-11 жас аралығында +40 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан Республикасының екі дүркін Чемпионы атанып, ата-анасы мен жақындарының, мектебінің мақтанышына айналды.
Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Шералы Таңсұлу 2019 жылы Алматы қаласында өткен «Жеті өнер» ІІІ Халықаралық балалар мен жастар шығармашылық конкурсында Бас Жүлдені жеңіп алып, мәртебесі биік болды.
«Адам алдына мақсат қойса, оны армандап ғана қоймай, соған жету үшін еңбектену керек. ХХІ ғасыр – бәсекеге лайықты жастардың, білімді ұрпақтың нағыз қанат жаяр дәурені. Дәл осындай кезеңде өмір сүріп жатқан біздер – бақытты ұрпақпыз. Ал, бақытты ұрпақтың болашағы да кемел болмақ. Менің осы уақытқа дейін көптеген белестерді бағындыруым – ата-анамның, ұстаздарымның қолдауының нәтижесі», – дейді талантты ару Таңсұлу.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – дейді ұлы ойшыл Абай Құнанбаев. Тартыспен түскен, бейнетпен келген жетістік – шын мәнінде, қымбат табыс. Кез-келген адам қалағанын қолына бірден түсіре қоймайды. Ол үшін сабыр мен төзімділіктің алар орны зор. Ең төменнен бастаған адам ғана өз мақсатына жеткенін шын сезінеді, соның қадірін түсінеді. Міне, аянбай тер төгіп, жетістікке жетіп жүрген Шералы Таңсұлу осындай жаңашыл, заманауи жастардың қатарында.
Тәрбиелеп өсірген ұрпағың биіктен көрініп, еңбексүйгіштігінің арқасында талайды таңдай қақтырып жатса, қандай керемет! Осы пікірге дәлел ретінде спорт әлемінде талай асуларды бағындырып, жетістікке жетіп жүрген зерделі жас Шералы Таңсұлу Берікқызы туралы да осыны айтуға болады.
Біз сені мақтамаймыз, біз сенімен мақтанамыз, жас талап!