Қара күшпен қасқыр алып, палуанды сұлататын қайраты бар Бақтыбай Бейбарыс Дүйсенғалиұлы – тектінің жалғасы. Баба қасиетіне бас иіп, өткенін естен шығармайтын Бейбарыстың атасы Оразов Бақтыбай кезінде «Түйепалуан» атанып, талай спорттық шаралардың майталманы болған кісі. Бейбарыстың жетістіктеріне қарап, оның атасына тартып туған ұл жақсыдан-жақсы туатынын біле беруге болады. Тіпті, Бақтыбай атасының 200 литр бензин құйылған ыдысты бір өзі көтеріп көлікке тиегенін көз көргендер әлі күнге дейін естелік, ерлік түрінде айтып отырады. Міне, осындай батырлық, ержүректілік, қайсарлық қасиеттері атадан немересіне жалғасқан десек әбден жарасады. Қанында қайсарлық бар Бейбарыс 2003 жылы 1 тамызда Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылында дүниеге келген. Палуанның ұрпағы – қазіргі таңда Алматы қаласындағы «Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 10 «А» сынып оқушысы. «Әкем Дүйсенғали қорғаным, анам Айткүл жердегі жұмағым. Олар барда алар асуларыма жету қиын емес. Әжем Оразова Ырысбибі «Алтын алқа» иегері. Ағам Теңел мен апам Мәдина ақылшыларым болса, інілерім Әнуар мен Ахмад қолғанаттарым. Ал, ай жүзінен көрікті қарындастарым Жадыра, Зарина, Ақниет көзімнің қарашықтары. Отбасым, бауырларым, ата-анамның алдында сағым сынбайды», – дейді Бейбарыс жақындары жайлы бізге берген сұхбатында. «Болар жігіт ойлы келер, жан-жағы қырлы келер, білегі қарулы келер» дейтін Бейбарыс бала кезінен спортты жанына серік еткен ұлан. Дзюдо спортынан қабілетін шыңдап, мүмкіндігін арттырып жүрген Бейбарыс қазіргі таңда талай бәсекенің қорытындысында оң қолы жиі жоғары көтеріліп жүр. 2012 жылы дзюдодан 2001-2003 ж.т. жасөспірімдер арасындағы Маңғыстау облысының чемпионатында ІІІ орын, 2013 жылы «Спорт күні» мерекесіне арналған дзюдо күресінен қалалық ашық турнирде ІІ орын иегері атанған. 2014 жылы дзюдодан ашық клубтық турнирінде ІІ орын, халық батыры Ер Қосай Құдайкеұлы атындағы дзюдодан VI халықаралық турнирде ІІІ орын, самбо күресінен 1998-2000 ж.т жасөспірімдер арасында Маңғыстау облысының чемпионатында ІІ орын, Әлем кубогының иегері, КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері Волобуев Сергей Валентинұлының жүлдесіне арналған облыстық ашық біріншілікте ІІІ орын жеңімпазы болды. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай дзюдодан өткен облыстық жарыста I орын «Ақтау қаласы әкімінің кубогы» үшін таласта І орын, 2015-2016 жылдары ФСК «Бастау» ашық республикалық турнирінен екі дүркін жеңімпаз атанды. Оған қоса, 2015 жылы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған дзюдо күресінен өткен қалалық ашық турнирде ІІ орын, қазақ күресінен МОБЖСМ ашық біріншілігінде І орынды олжалаған болатын. 2016-2017 оқу жылында самбо күресінен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық ашық чемпионатта І орын, Маңғыстау облысы самбо федерациясының жүлдесіне арналған «Ақтау кубогі» халықаралық турнирінде және «Жас барыс» республикалық турнирінің екеуінде де 2 дүркін жеңімпаз болды. Мұнан бөлек, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Бөгенбай батыр атындағы республикалық турнирде ІІІ орынмен марапатталды. 2017 жылы спорттық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп, ауданының дене шынықтыру және спорт саласына қосқан үлесі үшін Қарақия ауданы әкімінің алғыс хатын еншілеп, Халық батыры Ер Қосай Құдайкеұлы жүлдесіне арналған IХ халықаралық жарыста ІІ орын, 9 мамыр Жеңіс күніне орай өткен самбо күресінен Маңғыстау облыстық чемпионатында І орынға табан тіреген. 2017 жылы Қазақ күресінен «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, жауынгер-интернационалист Сәлімжан Әлиевті еске алуға арналған 2003-2004 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы III Республикалық турнирінен I орын алғаны үшін марапатталды. 2018 жылы Алматы қалалық ашық турниріне қатысып, І орын, республикалық турнирде І орын, А.Айдарханов жүлдесіне арналған «Fires of Magnitka – 2018» халықаралық дәрежедегі байрақты бәсекеде ІІІ орынға лайық деп танылды. Жылдар бойы сопрттың сан саласында сайыпқырандай көкке қанат жайып жүрген Бейбарыс осыншама жетістіктерге оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Әрбір жеңісінде дара ұлдың маңдай тері, табанды болмысы жатыр. Бос уақытында суда жүзіп, таза ауада жанұясымен серуендеп, қызықты сәттерді бастан кешіргенді ұнататын Бейбарыс келешекте Отанында спорт саласының дамуына үлес қосып, саңлақ спортшы болғалы тұр. Шет елдерге Қазақстан туын танытып, даңқты батырлардың ізін жалғайтын өр-намысты Бейбарыс Дүйсенғалиұлына «Әп, берекелді!» дейміз!
[lang=ru]Оставить комментарий[/lang][lang=en]Leave a comment[/lang]