![]()
ӨНЕРЛІ, БІЛІМДІ БОЛУДЫ ҚАЛАЙТЫН ШӘКІРТ
Сахна төріне шығып, өлеңді тыңдарман жүрегіне жеткізіп айтатын әнші бала Нұрдаулет Азаматұлы 2007 жылдың 27 желтоқсанында Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келді. Өнер ұшқыны кішкентай кезінде жүрегінде бүр жарған балақай «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеленіп жүріп-ақ ерекше өнерімен тәрбиешілерін тәнті етті. Ән орындаудағы ерекше дауысы, өзгеге үлгі боларлық әдептілігі, өзіне жарасымды киім киіп, бойын мұнтаздай таза ұстайтын Нұрдаулет мектеп табалдырығын Балқаш қаласындағы №9 орта мектепте аттап, Нұр-Сұлтан қаласындағы №52 мектеп-гимназиясында білімін жалғастырып, бүгінде
![]()
Нұрдаулет Күйгенжар тұрғын алабының №42 орта мектебінде білім алып келеді. Шаңырақтың тірегі болып отырған әкесі Кайпышев Азамат пен жүзінен мейірімділіктің нұры тамып тұрған анасы Ахметжанова Кенжегүлдің бағын асырып, мерейін өсіретін өнерлі өрен. Қиын болса да бәріне үлгеріп, спорт пен өнерді қатар алып жүрген Нұрдаулеттің Айдын, Нұрдар, Айым есімді бауырлары бар.
Мектепішілік қоғамдық шаралар мен спорттық сайыстарға белсене қатысып, Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілген мерекелік шараларда өнер көрсетіп көптің қошеметіне бөленіп келеді. Тотами төрінде қарсыласына табандылық көрсетіп, белдесулерде намысты қолдан бермей жүрсе де. уақыт өте келе өнерге деген қызғушылық ұшқыны бойында жылт етті. Өнер ешкімнің басына шақырумен барып қонбайды, ол – тәңірдің берген тартуы. Мектеп бағдарламасын еркін меңгеріп, ұстаздарының тапсырмасын екі етпей орындайтын Нұрдаулеттің мұғалімдерге деген, білімге деген құрметі ерекше. Үлкен додаларда сыныбының мерейін өсіріп, әрдайым адалдықты қолдайтын шыншыл, әділ азамат болуды мақсат еткен Нұрдаулеттің нұры таситын күн де алыс емес. Оның өнер өлкесінде толайым табыстарға қол жеткізетіні анық.
Жетістігі: «Таңшолпан» балабақшасы атынан Мадақтамамен марапатталған. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бастауыш партия ұйымдарының арасында ұйымдастырылған қалалық спартакиаданың «Сарыарқа» аудандық іріктеу турнирінде спорттың шахмат түрінен ер балалар арасында I орын алғаны үшін Диплом иегері атанды. «Әсемдік» бірлестігінің «Өнерлі өрге жүзеді» атты апталық аясында графика жанры бойынша I орын алған жүлдегер. «Кекушинкай каратэ» Бүкілқазақстандық ұйым атынан 10 КЮ деңгейін бағындырғаны үшін Сертификат иегері.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы қарсаңында өткізілген Республикалық сайыстан III орынға табан тіресе, 2018 жылы Астана қаласында «Кекушинкай каратэ» Бүкілқазақстандық ұйым атынан III дәрежелі Диплом иегері атанған талантты шәкірт.
Сүйікті ісі: Музыка тыңдау, ән айту, спортпен айналысу.
Арманы: Болашақта ел мойындаған атақты әнші болу.