Киелі топырақ Маңғыстау жерінде өмір есігін ашып, өнегелі отбасында тәлімді тәрбие алған балауса жастың бірі – Исатаева Салтанат 2005 жылы 11 мамырда толыққанды отбасында дүниеге келді. Биік болмысты, уәдеге берік, еңбексүйгіш әкесі Бүркітбаев Серікқали Исатайұлы – «Қаражанбас» мұнай-газ кен орнында қызмет атқарады. Көзінен нұры төгілген көркем мінезді анасы Муналова Жанар Орынбайқызы – балабақшада мейірбике болып жұмыс жасайды. Ұғымтал ару Салтанат – отбасының екінші перзенті. Ақыл айтар қамқор ағасы Исатаев Ержан мен жақсы үлгі көрсетер әдепті жеңгесі Мамаева Жұлдыз – Салтанаттың демеушісі мен қолдаушысы. Өзінен кейін сүйікті де сүйкімді екі сіңлісі Құралай мен Айкөркем бар.![]()
Өз қатарлас құрбыларымен бірге бүлдіршін қыз «Еркемай» балабақшасына барды. Бойына дарыған таланты мен өнері оның өз ортасындағы беделін арттырып, ақ көңілі мен сүйкімділігін ерекшелей түсті. Балабақша қабырғасында талабы таудай бүлдіршін екенін аңғартып, түрлі ертеңгіліктер мен тәрбие сағаттарына қатысып, өз өнерін ортаға салды. Балабақша ұясынан қанаты қатайып түлеп ұшқан өнерлі балапан 2011 жылы №13 мектеп-гимназиясының табалдырығын алғаш аттап, оқушы партасына нық сеніммен отырды. 2011 жылдың мамыр айында осы білім ошағының 1-сыныбын «үздік» көрсеткішпен тәмамдады.Үлгілі оқушы осы жылдың күз айында 9 «Г» сынып оқушыларының қатарынан орын алды.
Жасампаз елдің дарынды ұрпағы Салтанат Серікқалиқызы бойындағы білуге деген құштарлық, жан-жақты ізденімпаздық, еңбексүйгіштік қасиеттері топтаса келе, «Болар бала он бесінде баспын дер» деген ұлы халықтың өрелі ойының өміршеңдігін көрсетсе керек. Бастауыш сатысының 1-2-3-сыныптарын «Үлгілі тәртібі мен өте жақсы оқығаны үшін» мадақтамалармен бітіріп отырған білімпаз шәкірт сан алуан мазмұндағы байқаулар мен сайыстарда жетістік асуын бағындырып келеді.
Балдырған кезінде, 5 жасынан бастап негізі қаланған өнері жыл сайын өрістеп, би өнерін дамытуға шындап ден қойды. Талантты өнерпаз тоғыз жасынан бастап «ХАЕТ» би мектебі шәкірті атанып, мерекелік концерттерде өз өнерін көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүр. 2016 жылдан Маңғыстаудың мақтанышы Серік Сариев басшылық ететін «Жорға» би мектебінде би өнерінен көптеген жетістіктерге жетіп, алыс-жақын шет елдерге гастрольдік сапарларға шығып, өнердің жұлдызын жарқырата жақты.
«Бастауышым – балбұлағым, Лаулап жансың шамшырағың» деп жырға қосқан білімқұмар оқушы терең мазмұнды біліммен қарулана отырып, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі бірнеше турнирлер мен конкурстардың жеңімпазы атанып та үлгерді. «Кенгуру-лингвист» халықаралық лингвистикалық конкурсының сертификатын, 2016 жылы ІІ орынды осы конкурстың дипломын марапат қоржынына салды.
Шығармашылыққа жақын дарынды ару Исатаева Салтанатқа «Маңғыстау облысының шығыс, қазіргі және спорттық би федерациясы» қоғамдық бірлестігі, «ХАЕТ» би студиясының атынан диплом табыс етілді. Интеллектілік болмысы мен танымдық қабілеті шыңдалған көркем сөз шебері – «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты «Мәнерлеп оқу» байқауының алғыс хат иегері.![]()
Француз жазушысы Ф.Вольтердің «Ешқашан да үлкен қиыншылықтарсыз үлкен істер болмайды» деген пайымдауынан тәлім алатын зерделі оқушы өзін осы бастан күш пен қайратқа, төзімділік пен шыдамдалыққа дайындап, табысқа жету жолында өзін-өзі жетілдіріп келеді. Соның нәтижесінде, зерек ойлы жас 6-8-сыныптарды «Өте жақсы оқығаны үшін» мәтініндегі мақтау қағаздарымен аяқтап, алдағы күнге сапалы білімімен қадам басуда.
Сұлулыққа құштар, талғамы жоғары заманауи жас Ақтау қаласында Турина Диляра Талғатқызы басшылық ететін «D.A.SCHOOL» модель мектебінде дәріс алуда. Білікті жетекшісі Диляра Талғатқызының шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Салтанат көптеген қойылымдарға (показ мод), сән көрсетілімдеріне, суретпен мүсіндеуге (фотосьемка) қатысып, шеберлігін шыңдауда.
Ажары атқан таңдай сұлу ару бос уақытында әдеби кітаптар оқып, денешынықтыру жаттығуларын жасап, гимнастикаман айналысып, дене сымбатына көңіл бөледі. Салауатты өмір салтын ұстанып, әр елдің би өнерімен танысып, музыка тыңдап, таза ауада серуендегенді ұнатады.
Талабы таудай, арманы асқақ, жаңашыл жастың арманы – сән әлемінде жетістікке жетіп, әлемге танымал модельер болып, өзгелерді өз өнерімен таңғалдыру. Жақсы істерімен атын шығарып, ата-анасының мақтанышына айналу.
Бүгінгі жас буын – ертеңгі ел тұтқасы, Мәңгілік Ел болашағы. Білім мен ғылымның мазмұнды жолында алға қадам басып келе жатқан дарынды жасқа білім мен өнердің шамшырағын жағып, көкте жарық жұлдыздай жарқырай бер дейміз!
Көшбасшы жастардың қатарында сап түзе, жас дос!