Жасузак Амина

Рейтинг:
 
     «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», – дейді жазушы Мұхтар Әуезов. Шынында да, әр тұлғаны өсіретін білім мен өнер адамзатты кемелдену жолына жетелейді. Заманауи жаңарған заманда есейіп, қанатын қатайтатын жастар ізденімпаздылығымен жетістікті мұрындықтап, үлкен белестерді бағындыруда. Солардың бірегейі – Жасұзақ Әмина Сапаралықызы.
       Шабыты мен таланты шарықтап, еңбегін үйлестіре білген Әмина қазіргі таңда талай додаларда қарсыластарын шаң қаптырып жүр. Қай жарысқа қатысса да, жүлделі орындарға ие болып келеді.
     Сабақтан тыс уақытта қатысатын үйірмелерінің көптігіне қарамастан барлығына үлгеріп, алдыңғы қатардан көріну үшін аянып қалмайды. Осы қасиеті үшін де ұстаздары Әминаның жетістігімен, алғырлығымен мақтанады. Жүрген жерінде «Әмина – біздің мектептің үлгі тұтар оқушысы, мектеп мақтанышы» деген тіркесті әсте естерінен шығармай айтып жүреді. Өз атына айтқан үлкендердің бірауыз мадақ сөзі – жеткіншек үшін үлкен белес, арманға қол созған кезіндегі шыққан шыңы болмақ.
       Болашағынан зор үміт күттіретін өрен Жасұзақ Әмина елорда Астана қаласында 2005 жылы 1 тамызда дүниеге келді. Бала кезінен өте зерек, қабілетті, жан-жақты ару – ата-анасының көзқуанышы. Оның ізгілікке бастаған әрбір қадамы – ата-анасы үшін қыз баласының тәрбиесіне қосқан үлесінің нәтижесі. Әминаның асқар таудай, арқа тұтар әкесі Майлыбаев Сапаралы – 1974 жылдың 5 сәуірінде дүниеге келген. Ол – жеке кәсіпкерлікпен айналысып, ісін өрге дөңгелетіп отырған іскер жан. Отандық кәсіпті дамытудағы еңбегі еленуден кенде емес. Биік болмысты, жоғары ұстанымды әкесі бабалар рухын ұлықтап, 2018 жылы мамыр айында Ұлы Отан Соғысы кезінде, Ресей жерінде қаза тапқан атасының  асыл бейнесі ұрпақтарының есінде мәңгі сақталатындай игілікті іс жасап, «Ұлы Дала патриоты» медалімен марапатталды.
      Қызымен сырлас, шуағы мен шапағаты мол, жайсаң мінезді, мейірбан анасы Майлыбаева Сандуғаш 1981 жылы 19 қаңтарда туған. Үйінің тұңғышы Әминаның ізінен ерген інісі Жасұзақ Ислам Сапаралыұлы 2007 жылы 27 ақпанда дүниеге келді. Ол – «Астана» хоккей командасының шабуылдаушысы және шахматтан І разряд иегері. 
     Өмір еңбексіз ештеңе бермейді. Ерікті, саналы еңбек қана пендені бақытқа жетелейді. Үлкен қиындықтарсыз үлкен істер болмайтыны секілді, алып игіліктердің барлығы үлкен жүректі адамдарсыз іске аспайды. Тығырықтан шығып, тұғырда тұрақтап қалу – мұзжарғыш болашақ Қазақстанның ертеңі саналатын мектеп оқушыларының ғана қолынан келетін іс. Ал алға қойған мақсатқа жетуді басты нысана еткен оқушы Әмина – қашанда ардақтауға лайық білімпаз шәкірт.
     Тәрбиенің бастау бұлағы саналған №32 «Балдәурен» балабақшасында 2009-2011 жылдары тәрбиеленген Әмина тәрбиешілерін өзінің қабілеттілігімен, байқампаздығымен, алғырлығымен таңқалдырды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесін сәтті бітірген балдырған 2011 жылы Астана қаласы №53 мектеп-лицейіне оқуға қабылданды. 2-сыныптан бастап, оқушылар сарайының құрамындағы «Тұмар» би үйірмесіне қабылданып, онда ұстаздарынан би өнерінің қыр-сырына қаныққан болатын.
       Руханият әлеміне жақын өнерпаз Әмина 5 жылға жуық уақыт ішінде бимен шұғылданып, талғамы биік көрермендердің ризашылығына бөленді. Би билеу шеберлігінің арқасында өнерпаз өрен мектепішілік, қалалық түрлі жиындар мен мерекелерде өнер көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналды.
      Кез келгеннің қолы жете бермейтін, талайға арман болған туристік аймақ Дубайда өткен әлемдік өнер сайысында Қазақстаннан барған би тобының құрамында өнер көрсетіп,  Ұлы Қазақ Елінің даңқын асқақтатты. Ел атын шығарып, намысын қорғау үшін, барған сапарынан Әмина Сапаралықызы өнер көрсеткен би тобы жүлделі ІІ дәрежелі Дипломмен елге оралды. Бұл жеңіс – Әминаның ерен еңбегі мен тынымсыз ізденісінің нәтижесі.
     Ізденімпаз жастың қызығушылығы 2012 жылы музыка әлеміне ойысты. Қалауын жүзеге асырмақ ниетте фортепиано үйірмесіне түсуге конкурсқа қатысып, арнайы сынақты сәтті тапсырып, оқуға өз еңбегімен түсті.
     2015 жылы  волейбол спортына бар мүмкіндігін бағыттаған Әмина волейболдан жаттықтырушысы Баекина Оразкүлдің жетекшілігімен осы салада да талай жетістіктерге жетті.
     Талантты Жасұзақ Әмина 2017 жылы «Жас қыран» кадет сыныбына ауысты. Оның әскери жетекшісі Айжаксин Қанат мақсатқа ұмтылғыш өреннің болашағына зор сенім артады. Жауапкершілігі мол, жігерлі шәкірт  Жасұзақ Әмина Сапаралықызы 2019 жылдың желтоқсан айында «кіші сержант» атағын алды.
     Қоржыны марапатқа толы Жасұзақ Әмина «Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясына 5 жыл», «Жас өнер: на пути к культуре мира!» атты ІІ Халықаралық жас вокалистер мен орындаушылар, инструменталистер конкурсында, «Выбирай талант» республикалық интерактивті конкурсында Сертификат иемденген. «Ақбота – 2015» интеллектуалдық марафонына қатысқаны үшін Сертификат, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шараны өткізуде қосқан үлесі үшін Алғыс хат еншіледі.
      2015 жылы «Тұмар» ұлттық ансамблінің құрамында мемлекеттік маңызы бар барлық шараларға белсене қатысқаны үшін Жасұзақ Әмина Грамотамен марапатталды. «Астана-Арай» ІІІ Балалар шығармашылық музыкалық фестиваль-конкурсында «Фортепиано» номинациясында өнер көрсеткені үшін Мадақтама алып, сахна төрінде маңдайы жарқырап, абыройы асқақтай түсті.  2019 жылы V Халықаралық балалар көпжанрлы «Magic Music» интернет фестиваль-конкурсында аспаптық орындау (фортепиано) шеберлігі бойынша ІІ орын иемденді. Фортепиано аспабында шебер ойнауы – Кегенова Мира ұстазының тағылымды еңбегінің нәтижесі.
    Өнерлі сұлу – Ғазиза Жұбанова атындағы жас пианистердің V қалалық байқауына қатысып, ІІІ дәрежелі лауреат атанды. «Lucky people» Халықаралық өнер Ассоциациясы ұйымдастырған конкурста Диплом иемденді. «Сиқырлы әуен» музыкалық байқауында І орын, Қазақ фольклоры фестивалі аясында мектепке дейінгі мекемелер арасында өткен «Ертегілер еліне саяхат» атты байқауда үздік өнер көрсеткені үшін ІІ орын, «Astana – 2014 Kazakhstan» фестивалінде және Халықаралық «ART Holidays» фестивалінде ІІ орын иегері атанып, мерейі үстем болды.
   «Қыз сыны» байқауында білімімен, өнерімен, шеберлігімен, инабаттылығымен танылған Әмина «Дарынды ару» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды. «Laula – 2017» Халықаралық байқауында «Аспаптық музыка, классика» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі жүлдегер атанды.
     Жеңістің 70 жылдығына арналған «Платиновый Айдар – 2015» Халықаралық фестивалінде Диплом, Қазақ биі өнер сайысында «Халық би» номинациясы бойынша Диплом, Мәскеу Халықаралық  «Славянская музыка» фестивалінде Диплом және «Көктем аруы» сайысында «Өнерлі ару» номинациясын иемденді.
     2019 жылы волейболдан қыздар командалары арасындағы Ашық турнирінде  «Астана» командасы ІІІ орын алса, Жасұзақ Әмина «Үздік шабуылшы» номинациясы бойынша Мадақтамамен марапатталды.
    Ажарына ақылы сай ару Әмина Оқушылар сарайының мәдени іс-шараларына белсене араласқаны үшін «Тұмар» би ансамблінің бишісі ретінде Дипломмен марапатталды.
       Қазақ елінің келешегі, бүгіні мен ертеңі алдымызда тәрбиелеп отырған жас ұрпаққа байланысты екені  сөзсіз. Олар үшін талаптану мен еңбектену – басты орында. Келешекте, ел мүддесі үшін қызмет етуді қалайтын Жасұзақ  Әмина Сапаралықызының тұлғалық, кәсіби өрлеу жолындағы мұрат-мақсаты да – осы!


 
[lang=ru]Оставить комментарий[/lang][lang=en]Leave a comment[/lang]
  • [lang=ru]Ваше имя[/lang][lang=en]Your name[/lang]*:

    E-Mail*:

  • [lang=ru]Комментарий[/lang][lang=en]A comment[/lang]*:

  • [lang=ru]Подтвердите что вы не робот[/lang][lang=en]Confirm that you are not a robot[/lang] - [] *:

{lang_lastnews}