Тарихына үңілсеңіз, толқулы кезеңдерді бастан өткізген Жаңаөзен қаласы – тұнығы лайланбаған аймақ. Жастары жалынды, бойжеткендері мен бозбалалары жетістік кемесін ақылдың күшімен ерттеп мінуге дағдыланған.
Маңғыстау ұлы мекен асқақтаған,
Ілгері көшпен бірге басқан қадам.
Халқымның ауызекі жырларымен,
Тұңғиық тылсым дүние сыр сақта-ған», – деген өлең жолдарын санасына сіңіріп, ертеңіне адымдауда әрекеті ілкімді Қазақстанның болашағы Темірбаева Гүлбану Асылбекқызы – қарт Каспий жағасындағы Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының ақмаңдайлы аруы.
Ақмаңдайлысын ардақтаған аймақтың қаракөзі 2001 жылы 10 желтоқсанда өмірінің дара жолын ашты.
Иә, тұңғыш немере ата-әжесінің жекеменшік жақұты болмаса, қазақ қазақ боламыз ба?! Гүлбану да – ешбір сыртқы күш әсер ете алмайтын ғасырлардан жалғасқан қазақы заңдылықпен көзін ашқалы, ата-әжесінің сүйікті немересі. Сондықтан есімін Темірбай атасы қойды.
«Жігері таудай, намысы жігерлі әкем Досбергенов Асылбек Темірбайұлы – «СҚКБ» мекемесінің жүргізушісі. Өзінің мейіріміне шөлдетпес анам Мусрепова Нурбике Санаттулаевна – «Жаңаөзен» мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі.
2004-2008 жылдары аралығында №5 «Сәуле» балабақшасына барғанда, бөбекжайдағы алғашқы күндерімнен бастап, мерекелік шараларда өнер көрсеттім. Балғын шағымнан ән мен биге әуеспін. Мереке кезінде өтетін ертеңгіліктерде ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдайтынмын. Соның бірі – 2008 жылдың келетін белгісі – тышқанның рөлінде ойнауым. Ол кездері әртістік қабілетімнің енді-енді ашылып келе жатқан тұсы еді. Осы рөлді жоғары деңгейде ойнап шығуыма, «көрермен көзайымына» айналуыма тәрбиешім Ақтілек Елубайқызы жақсы көмектесті. Алты жасымда тілдер мерекесіне орай өткен «Бала тілі – бал» қалалық байқауында І орын, облыстан ІІІ орынды ұтып алдым. Әрине, мұндағы жеңіске Ақтілек және Әлия Жеңісбайқызы апайларымның сіңірген еңбегі зор», – дейді жанарынан күннің көзі күлімдейтін Гүлбану.
Балалық белесінен өтіп, мектеп жасына тақаған сәтте Гүлбану Асылбекқызы гимназия сыныбына іріктеуден өтіп, 2008 жылы қаладағы №12 бастауыш мектептің 1-сыныбына қабылданды. Алғашқы ұстазы Бесбаева Мәдина апайына алғысы шексіз. Әр сабағы қызықты. Оқушыларының пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін, ізденіс үстінде жүретін ұстазын Гүлбану құрмет төріне шығаруға талпынады.
Қолына қалам беріп, әріп танытқан ұстазының қолдауымен, 2-сыныпта «Бастау» математикалық турнирінен І орын, қалалық додадан ІІІ орын иемденіп, облыстық іріктеуден өтеді. Республикалық олимпиадаға да қатысып, командалық есепте ІІІ орынды иеленеді. Бұл жетістігіне сынып жетекшісі Мулдабекова Сәним Жарылгаповна апайы ерен еңбегі мен үлесін қосса, ағылшын тілін меңгертудегі ұстазы Темірова Жанар апайы Гүлбанудай дарынды шәкіртінің білім алуына ерен еңбек сіңірді. Сол үшін «жақсыдан – шапағат» дейтін нақылды ұстанып, Сәним, Жанар апайларына мақаламыздың басты кейіпкері алғыс білдіреді.
2012 жылы Гүлбану туған жеріндегі «Жаңаөзен» мектеп-гимназиясына ауысып, бүгінгі таңда бірер сәті кем түлек атанғалы тұр.
2017-2018 оқу жылында ІІІ республикалық ғылыми конференцияда «Бекет Ата» туралы зерттеу жұмысын ағылшын тілінде қорғап, І орынды иеленді. Сондай-ақ барлық оқу жылдарының қорытындысы бойынша «Мақтау қағаздарымен» марапатталған.
11 «А» сыныбында оқитын озат шәкірт сыныптастарымен, ұстаздарымен мақтанады. Оқитын мектебі гуманитарлық бағытта болғандықтан, ағылшын тіліне көп көңіл бөлінеді. Ең сүйікті пәні – ағылшын тілі. Қазіргі уақытқа де-йін ағылшын тілінен көптеген қашықтық олимпиадалары және мектепішілік сайыстардан жүлделі орындарды иеленді.
Болашағын бағамдап, табысқа толы білімді игеру жолында жүрген қазақтың қаракөз қызының асуларды ауыздықтар жолы ұзақ болары сөзсіз! Алдағы ақ арманға үміт артқан күндері шуақты, бақыты баянды болсын!