![]()
Өнер, білім айдынында еркін көсілген – Ақерке
Дарынды шәкірт – барлық ізгі сезімдермен қаруланған, жақсылыққа бейім, мәңгілікке құштар жас буын иесі. Таланттың таланттылығын мәңгілікке құштар және ғашық рухынан іздеген дұрыс. Әрі әрбір оқымысты шәкірттің ең бірінші міндеті – өзін танып, білуі. Болашағына мақсат қойып, құнды қазына саналатын білімге ұмтылуы – оқушының саналығын көрсетеді. Ендеше, осынау аталған жақсы қасиеттердің барлығын өзінің кішкентай бітім болмысынан көрсете алған, талапшыл, ақылды, білімді, өнерлі шәкірт өсіп келеді. Ол – Әбжан Ақерке Ханкелдіқызы.
![]()
Небары 8 жасар сүйкімді кейіпкеріміз – 2012 жылы тамыз айының 19-шы жұлдызында алып шаһар Алматы қалсында дүниеге келген. Кішкентайынан ертегі тыңдауға, жасына сәйкес аңыз әңгімелерді оқуға құмар болып өскен талапты қыз отбасында асыл әкесін үлгі тұтып өсті. Әрі әкесі Ханкелді ағамыз да мақтауға лайықты кісі еді. Балаларының бақытты өмір сүруіне мүмкіндік жасаған нар әке Ханкелді Әбжанов – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Ұзақ жылдардан бері, білікті маман тәрбиелеп, жас ғалымдардың білімін шыңдап, еліне адал қызмет етіп келе жатқан асқартаудай абыройлы азамат. Ал, аяулы анасы – Нұрымбетова Гүлшат Рамазанқызы – саяси ғылымдарының докторы, профессор. Бір қолы мен бесігін, бір қолымен елдің баласын тәрбиелеп жүрген, ардақты ұстаз! Бір сөзбен айтқанда, Ақеркедей қызымыз ғылымның белгілі бір биігіне шығып, тектілігімен талайға өнеге көрсетіп отырған, ғалымдардың жанұясында өсіп келе жатқан болашақ еліміздің жұлдызы десек артық болмас. Өйткені, әкенің бойындағы даналықпен, ананың бойындағы даралық – үміт етер көздерінің қарасы болған құлыншағы қыздарына қан арқылы берілмей қоймайды.
Ақерке өзге балаларға қарағанда зейінді, зерек қыз. Бойындағы мейірімділігінің өзі ерекше. Адам тұрмақ жан-жануарға дейін мейірімі төгіліп, бауыр еті езіліп тұрады. Тіршілікті танып білуге деген құлшынысы тым жоғары. Балғын күнінен әртүрлі жануарлар, өсімдіктер туралы балаларға арналған танымдық-энциклопедиялық кітаптарға қызығушылық танытып келеді. Энциклопедиялар, ертегілер, танымдық кітаптардан тұратын өзінің жеке кітапханасы да бар. Жиі ертегі жазуға ынталанып, шығармашылыққа талаптанып жүр. Қолы бос кезде кішкентай ғана Ботабай атты қоянына көңіл бөліп, сырлас досын тамақтандырады. Оның жан-жануарларға деген қызығушылын арттырған да, осы сүйкімді қояны болатын. Сондықтан да, болар жануарлар туралы көбірек білгісі келіп, хайуанаттар туралы кітаптарды көп оқиды.
Білімді, өнерлі қыздың оқуға, үйренуге, білуге зейіні ерте жастан ашылып, ерте хат таныды. Ата-анасы да талантты баласының бойындағы алғырлықты байқап, бір-бірімен ақылдаса келе қыздарын балабақшаға береді. Сөйтіп, Ақерке Алматы қаласындағы «Айналайын», «Балдаурен» атты балабақшаларының табалдырығын аттап, мұндағы «қазақ» тобында тәрбиеленеді. Тәрбиеші апайлары да бүлдіршінімізді өнер мен білім жолына алғаш қанаттандырған мейірбан жандар болатын.
Ақерке – 4 жасынан би үйірмесі мен суға жүзу тобына қатысты. Үйірмедегі үздіксіз еңбегінің арқасында, аз ғана уақыттың ішінде нәтиже шығарып, 2017-2018 жж. «Елена Соколовскаяның» би студиясында бақ сынап, жүлделі дипломдармен марапатталды. 5 жасында көркем гимнастика өнерімен шұғылдануды өзінің балалық хоббиына айналдырып, ол үшін де арнайы үйрімеге қатыса бастады.
2018 жылғы қыркүйек айында әсем қаладағы талайға танымал білім ордаларының бірі – М.Мақатаев атындағы №140 гимназиясының 1-сыныбына қабылданады. Партаға отырған күннен шәкірт жауапкершілігін сезініп, өзіне берілген тапсырманы тыңғылықты орындап келеді. Жыл сайын оқуды озат оқып, үздік оқығаны үшін – «Мадақтама грамотасы»-мен марапатталады. Әсіресе, 1-ші және 2-ші сыныптарды үздік оқып, мақтау қағазымен маратталды.
![]()
Оның үстіне өнерден де кенде емес. Мектеп белсендісі, 1-ші сыныбынан мектептегі би, көркемсөз үйірмелеріне қатысады. Білім қабырғасында ұйымдастырылған: мәнерлеп оқу, сурет салу сынды өнер байқауларында белсенділік танытып, талантының арқасында көрерменін тәнті қыла білген дарынды оқушы. Әсіресе, қазақтың бас ақыны А.Құнанбаев пен ақиық ақын М.Мақатаевтың, өлеңдерін жатқа оқып, көмейінен көркем сөз өрілген көрікті қыз екендігін дәлелдеумен келеді.
Ақерке білім олимпиадаларының, интеллектуалды конкурстардың, өнер байқауларының жеңімпазы. Республикалық, облыстық, қалалық кезеңде өткізілген түрлі бәйге додаларының толағай табыс иегері. Сондай-ақ, ол - 2019 жылы, би өнері бойынша өткен VI халықаралық конкурста 1-дәрежелі лауреат атанып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының – 175 жылдық мерейтойына орай «Жас дарын» дарынды балалар орталығы өткізген «Абай – дана, Абай – дара қазақта...» атты конкурста «Көркемсөз» аталымы бойынша «Үздік өнер көрсеткені» үшін арнайы грамотамен марапатталды. Математикаға алғыр қыз, 5 жасынан математика пәнінен қосымша білімін жетілдіруде. Тіпті, 2-сыныбында республикалық математика пәнінен 2-сыныптар арасында өткізілген олимпиадаға қатысып, дәрежелі 1-орынға лайықты деп танылып, жүлделі дипломға қол жеткізді. Қаладағы «Мадина» көркем гимнастика мектебіне жаттығып жүрген ол – 2019 жылы мектеп ұйымдастырған 2012 жылы туғандар арасында өткізілген чемпионатта жүлделі 1-орынға ие болды. Және т.б. марапаттарымен ата-анасын марқайтып жүрген өнерлі шәкірттің жанашырлары болашағынан зор үміт күтеді.
Сыныбындағы оқушылармен жақсы қарым-қатынас орната білген Ақерке биыл үздік нәтижемен 3-сыныпқа табан тіреп, ойдағыдай білім алуда. Алғыр, ойы жүйрік қыз сабақ үстінде берілген тапсырманы жедел орындап, қойылған сұрақтарға тез жауап беріп, өз ойын қазақша, орысша еркін жеткізеді. Ұстаздары да Ақеркенің қайталанбас тұлғасына тәнті.
Келешекте ата-анасы сынды белгілі бір мамандықтың тұтқасын ұстап, ғылым иесі атануды мақсат еткен көшбасшы, озық ойлы шәкірт Ақеркеге –биік белестер мен жеңісті тұғырлар тілейміз! Ертеңін жарық болсын – жас талап!