Туған жерім Талдықорған кең далам,
Баурайыңда қуанамын,толғанам.
Бақыттымын сенің тылсым күйіңе,
Өсіп жатыр арқа сүйер бір балаң.
Жер жанаты Жетісу – Талдықорған.
Осы өлкеде жеті өзен тоғысқан.
Әсем қалам – туып-өскен бұл менің.
Табиғаты неткен көркем жерімнің!..
Ақындардың жырына арқау болған жер жәннаты Жетісу. Жетісуын мақтана жырлаған жастардың қатарында Алматы облысы, Талдықорған қаласының төл перзенті Маратханқызы Назерке де бар. Тәуелсіз Қазақстанның дарынды тұлғасы, болашақтағы ел тірегі 2006 жылы 26 наурызда дүниеге келеді. 2008 жылдың тамыз айында №4 балабақшаның табалдырығын аттап, тәрбиенің бастауына қадам басады. Ізгі ниетті балдырған 2012 жылы №12 орта мектеп-гимназиясының 1-сыныбына қабылданады.
Халық ұғымында:«Анада үш бақыт бар: ожданы, бөбегі, ізгі еңбегі» дейді. Балаларының жетістігі мен тәлімді тәрбиесін шаттанып жүрген Назеркенің анасы Қорынбаева Салтанат – жеке кәсіп иесі. Арқа сүйер азамат ағасы Қорынбаев Жангелді – МЧС Өрт сөндіру 21 бөлімшенің аға лейтенанты, жеңгесі Әсел – бала тәрбиесіне байланысты демалыста. Айдай сұлу сіңлісі Айару – 4 жаста, ерке інісі Алижан – 2 жаста.
«Мектеп – барлық ғылым саласынан жалпы мәлімет беретін бірден-бір ғылыми орын, сондықтан әр оқушы өзіне керегін мектептен алып қалуға талпынуы керек. Сонда мектептегі бір күн іздегеніңді, кейін мың күн іздемейтін боласың», – дейді ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин. Мектеп партасында отырып, бүгінгі жаңа ғасыр тілі – ағылшын тілін жетік меңгеруді басты мақсатына балаған дарынды шәкірт сапалы білімін жан-жақты жетілдіріп, білім сайыстарында дараланып жүр. 1-7-сыныптар арасында «үздік оқығаны мен үлгілі тәртібі үшін» Мақтау қағаздары озат шәкірттің оқушылық портфолиосын салмақтап тұр. 2-сыныпта мектепішілік пән олимпиадасында жоғары көрсеткішке жетіп, І орын биігінен көрінсе, осы сыныбында білімі мен өнерін сарапқа салып, «Біздің сынып аруы – 2014» сайысында Бас жүлде иесі атанады. 2-4-сынып оқушылар арасында өткен пән олимпиадасында І орын жеңімпазы атанды.
Анасының аялы алақанының жылуын сезініп, бой түзеп келе жатқан Назерке анасынан асхананың құпиясын үйреніп, тәтті тоқаштар мен тіл үйірер түрлі салаттар жасауда өзінік қабілетін көрсетіп келеді. Қолөнер ісінде де жаңа қыры қалыптасқан. Түрлі түсті жіптерді сым бойына тізіп, сәнді білезіктер тоқуды үйреніп жүр.
Дарынды жас ұрпақ жаңа технологиялар арқылы шет тілін үйренудің сапасы мен маңызын арттырып жүр. ҚР-ның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандықтардың жаңа ұрпағы ең кемі үш тілді: қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруі тиіс. Еуропада көптілділік қалыпты нормаға айналған, біз де осы қатардан міндетті түрде табылуға тиіспіз. Ағылшын тілін кең тұрғыда білмей, ұлттың нағыз бәсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын», – деген еді. Осы орайда, талапты жас Қорынбаева Назерке де ағылшын тілін жетік меңгеріп, шетелдік іскерлік қарым-қатынаста болуды армандайды. Келешек келбетіндегі мақсаттарының бір тармағы да – халықтың тілдік тағылымын жетілдіріп, кәсіби маман атанып, қазақ топырағында ағылшын тілі курстарын ашу.
Азаттықтың туы көкте желбіреген қазақ елінің, туған топырағыңның алдында жұлдызың жарқырай түссін, зейінді жас!