«АРМАНДАРЫМНЫҢ ОРЫНДАЛАТЫНЫНА СЕНЕМІН!»
«Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман» деген пікірді қуаттайтын ұлағатты ұландардың бірі – Абжанов Ануар Бауыржанұлы. Зеректігі мен білімге ынтасы бір төбе Ануар 2009 жылы 1 қарашада елордада қазыналы қарттары бар толық отбасында өмірге келді. Жылы ұя, мерейлі отбасының қамқоры, сүйікті атасы Абжанов Садық Жолұлы – ұлағатты ұстаз, Білім беру саласының үздігі, көп жылдар мектеп директоры қызметін атқарған абыройлы азамат, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Ануардың тәрбиесіне атсалысып, қамқорлығы мен сүйіспеншілігіне бөлегендердің қатарында естен кетпес естеліктері мәңгі есте сақталатын ардақты атасы мен екі әжесі болатын. Бүгінде Ануар текті әулеттің үміті мен көзқуанышы, жақсылықтың жалғасы. Тегеуіріні темірдей, ұстанымы жоғары, биік болмысты әкесі Абжанов Бауыржан Садықұлы – генерал-майор шеніндегі ҚР Ұлттық гвардия Институтының басшысы қызметінде. Шарапаты мол мен шуағы мол абзал анасы Бекежанова Динара Досқанқызы – ЖШС-і директоры, жеке кәсіпкер. Бауырмал, көпшіл, өрелі өрен Ануар – отбасының кенжесі. Алдында арқа сүйер ағасы Абылайхан бар. Абылайхан Бауыржанұлы – құрылыс компаниясының заңгері. Жанашыр әпкесі Алина Бауыржанқызы – «Новарт» швейцариялық компаниясында саралаушы-аналитик қызметінде. Ануар мерзімінен бұрын және 1 келі салмақпен дүние есігін ашты. Денсаулығына байланысты оны алда өмірдің қатал сынағы күтіп тұрды. Басқалар үшін оңай нәрселердің барлығы Ануар үшін қиынның-қиыны болды. Дегенмен, жанындай жақсы көретін жақындарының көмегімен ол күн санап алға қарай қадам басты. Алдымен 3 жасында «Асыл бөбек» тірек-қимыл жүйесі бұзылған бүлдіршіндерге арналған балабақшаға барды. Балабақша қабырғасында дүниетанымын кеңейтіп, өзіне достар тауып, жаңа ортаны жатсынбай қабылдады. 7 жасында алғыр, өмірге, білімге құштар Ануар инклюзивті білім беруге бағытталған білім ордасының табалдырығын аттады, бүгінде ол Нұр-Сұлтан қаласындағы №65 мектеп-гимназияның 3 «И» сыныбында білім әліппесін бағындыруда. Оқуға ынталы, зерделі, ізденімпаз Ануар – білімде бәсекеге қабілетті, өнерде таланты мен шығармашылығы шыңдалған дарынды оқушылар қатарында, «Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай» деген ұстанымда. Әрине, мұның барлығы 10 жылы бойы тер төгіп жаттығудың, тынымсыз еңбектің, үзілмеген үміттің нәтижесінде ғана қол жеткізген жетістік болатын. Күнделікті өмірде емдік жаттығуларды үзбей орындайтын Ануар «Жас жауынгер» үйірмесіндегі бейімделу түріндегі бокспен шұғылданады. Қосымша ағылшын тілі курсына қатысатын қабілетті жас Ануар – оқу үздігі, сыныбының, ұстаздарының, ата-анасының мақтанышы. Біз де алдына биік мақсат қойған алтын асықтай ұлдың армандарының орындалатынына сенеміз! Өмірге құштар, қиялы жүйрік, ойы ұшқыр Ануардың болашағы жарқын болсын!
Жетістігі: Ануар Бауыржанұлы – 1-сыныпты «өте жақсы оқығаны және үлгілі тәртібі үшін» Мақтау қағазымен марапатталған оқу үздігі, сынып белсендісі мен мақтанышы.
2019 жылы
мектепішілік «Путешествие за кладом» атты конкурсқа белсене қатысып, Мадақтама иемденді. Қабілетті шәкірт 3-4 сыныптар арасында өткізілген мектепішілік Мәнерлеп оқу олимпиадасының Мадақтама иегері.2-сыныпты жақсы нәтижемен аяқтаған білімпаз Ануар Абжанов тағы да Грамота иемденіп, мерейі үстем болды. Сондай-ақ руханиятқа жақын жаңашыл ұланға «Таза ниет» Қоғамдық қорының арнай кубогы табыс етілді. Оның жетер жетістіктері мен алар асулары әлі алда.
Сүйікті ісі: Кітап оқу, музыка тыңдау, білімін жетілдіру, спортпен шұғылдану, отбасымен, достарымен бірге уақыт өткізу.
Арманы: Аяғынан тік тұрып, жасыл алаңда жасындай жарқылдау, «Астана» командасының құрамында өнер көрсету
. Жоғары білім алу,
Ұлы Қазақ Елінің дамуы мен гүлденуіне өз үлесін қосу.