![]()
« ҮЛКЕН АРМАН КЕРЕК ЕКЕН АДАМҒА...»
«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек иесі»
деген ұлы ақын Абайдың парасатты ойымен қанат қағып келе жатқан дарынды жас Абилдаев Бексұлтан Асланұлы –2003 жылы 24 шілдеде
қасиет қонып, кие дарыған, 362 әулие мекен еткен маңғаз Маңғыстау топырағы, аққулы мекен Ақтау қаласының тумасы. Жылылық пен ынтымақ ұялаған өнегелі отбасында өмір есігін ашқан.
![]()
Тумысынан зерек ұл қағылез, шапшаң, байқампаз, елгезек болып, айналасын қоршаған ортаға қызыға қарап, табиғаттың тылсым сырын білуге құмартып өседі. Білуге, білмекке құмар сүйкімді балдырған Ақтау қаласындағы №2 балабақша табалдырығын аттап, жаңа ортаға тез үйреніп, өзіне көптеген достар тауып, таным көкжиегін кеңейтіп, өзі қатарластарының көшбасшысына айналады.
Отбасы – шағын мемлекет. Сол шағын мемлекетті қазыналы қариялар басқарса, алтын көмбенің ашылғаны емес пе?! Бексұлтанға тәлімді тәрбие беруге атсалысып жүрген парасатты жандары – оның ардақты асыл әжелері: өз әжесі Базаркулова Сәнім мен нағашы әжесі Абдулина Рая – саналы өмірлерін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздар. Бүгінгі күні зейнеткерлік демалыста, немерелерінің ақ тілеуін тілеп отырған ақниетті жақын жандары. Ардақ тұтар әкесі Абильдаев Аслан – Сарысу ауданы прокуроры қызметін абыроймен атқарып жүрсе, анасы Абильдаева Айгүл Сарысу аудандық орталық ауруханасында бас дәрігердің әдістемелік ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметінде. Ақылшы әпкесі Абишева Әйгерім – жоғары білімді заңгер. Отбасылы. Алматы қаласының тұрғыны. Сүйкімді қарындасы Абилдаева Арайлым –М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы. Талантты жас. Зиялы қауым отбасының төл перзенті Бексұлтан «Тәлімді тәрбие мен терең білімім – жетістікке жетудің басты қағидасы» деп есептейтін зерек ойлы шәкірт, жан-жақты білім алуға құштар. «Үлкен болып қалу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға» деп ақын Мұхтар Шаханов жырына қосқандай, Бексұлтан да – үлкен арманның жетегінде жарқын болашаққа қол созған ұлан. Көздегені көк сеңгірдей биік мақсатты, зерек өрен.
Жетістіктері: Ел Тәуелсіздігінің және ҚР Прокуратура органдарының 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз елдің ертеңі» балалар конкурстарының шеруі аясында өткен «Менің Қазақстаным» атты сурет, қолөнер бұйымдары, фотосуреттер және шығармалар бойынша Республикалық сайыстарда белсенділік танытқаны үшін 2016 жылы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының Грамотасымен марапатталған.
Спорт саласында: 2009-2012 жылдар аралығында таэквондоға қатысып, «қара дан» иегері атанады. І дәрежелі Диплом – 1 медаль; ІІ орын – 2 медаль; ІІІ орын – 3 медальдармен наградталған. Өзге де Диплом мен Мадақтамалары сан алуан. 2012-2015 жылдары бокске қатысып, І орын – 2 медаль; ІІ орын – 4 медаль; ІІІ орын бойынша – 4 медальды кеудесіне таққан. Сонымен қатар осы спорт түрінен алған бірнеше Диплом мен Мадақтама марапаттары бар.
Сүйікті ісі: Сурет салу. Бос уақытында «Еврохим» компаниясының құрама командаларымен футбол ойнайды. География, тарих пәндері бойынша білімін терең жетілдіру мақсатында, қосымша шығыс елдерінің кітаптарын оқып, дүние танымын кеңейтіп отырады.
Арманы: Заң саласында қызмет атқарып, әке салған ізбенен прокурор болу.