Кадырханова Диляфруз

Рейтинг:
    «Білім алудың тамыры ащы, жемісі тәтті» деген екен халық даналығы. Рас, көз майын тауысып, білім іздеп, қанша бейнеттенсең, азамат болып қалыптасқан соң, соның жемісін жейсің. Бұл – теорема емес, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналған. Әсілі, қазақ баласы білімге ежелден құмар. Ұлық ұлтымыздың білімге деген құштарлығын дәлелдеп жүрген жас жеткіншектердің бірі – кентаулық Дильяфруз Бахрамқызы.
   Рухы биік, қылығы көркем қазақтың әр бұрымдысы бақытты болуға лайық. Себебі олар – елдің болашағын жалғастырып, тәуелсіздік туын көкте желбірететін Қазақстанның ертеңі. Көзінде оты, бойында намысы бар қазақтың ерке қызы бүгінде ақылды, ибалы болып бойжетіп келеді. Арманы асқақ, сөзінде жалын бар Кадырханова Диляфруз 2004 жылы 20 ақпанда Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында дүниеге келген. Өзінің жарық өмірге келуімен бүкіл әулетінің қуанышын арттырған ару – берекелі отбасының шамшырағы.
    Диляфруздың үлгілі отбасында бес тармақты жұлдыздай бес жан тату-тәтті тірлік кешуде. Тұла бойы тұнған сырбаз мінез, парасаты биік әкесі Атаметов Бахрам Кадырханұлы – Кентау қаласы Прокуратурасынын аға прокуроры, абыройлы азамат. Қамқор әке қызының болашағынан үлкен үміт күтеді. Күн көзіндей шуағы мол анасы Атаметова Феруза Рахымжанқызы балабақшада медбике қызметінде. Мейірбан ана ақылды перзентінің ел ардақтысы боларына сенеді.
    Осындай текті кісілердің ұрпағы Диляфруздың мінезі жайсаң Лаура есімді әпкесі мен ізбасар інісі Диас бар. Отбасының тұңғышы Лаура Бахрамқызы – бүгінде Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясының ІІ курс студенті. Болашақ отанқорғар ұл Диас Бахрамұлы – Мұхтар Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназиясының шәкірті.
    Олардың ортасында өзін хор қызындай сезінетін Диляфруз да №22 білім ордасында оқыған еді. Білімсүйгіш шәкірт бүгінде «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатында білім көкжиегін бағындыруда.
    Дүниеге келе сала, айналасын қуанышқа бөлеген бүлдіршін жастайынан үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық таныта алатындығын көрсете білді. Дағдыланған қалыптан таймайтын зерек балақай мектеп қабырғасын аттағанда да, ізгілік самалын төңірегіне таратып, үздіктер қатарынан көрінді.
    Ұстаздарының дарынды шәкірті жайлы пікіріне сүйенсек: «Ол – мінезі ашық, кішіпейіл, оқу үлгірімі жөнінен үздік. Сыныптастарына үлгілі, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, зейіні ерекше оқушы. Үй тапсырмаларын мұқият орындап, әрдайым үздіктер қатарынан көрінуге тырысады. Осы қабілетінің арқасында белсеннді шәкірт оқуда жетістіктерге жетіп, жеңіс тұғырынан түспей келеді».
    – Адам алдына мақсат қойса, оны армандап ғана қоймай, соған жету үшін, еңбектену керек. ХХІ ғасыр – бәсекеге лайықты жастардың, білімді ұрпақтың нағыз қанат жаяр дәурені. Дәл осындай кезеңде өмір сүріп жатқан біздер – бақытты ұрпақпыз. Ал, бақытты ұрпақтың болашағы да кемел болмақ. Менің осы уақытқа дейін көптеген белестерді бағындыруым – ата-анам-ның қолдауының нәтижесі, – дейді талантты ару Диляфруз.
     Спорт пен білімді қатар алып жүрген дарынды жас 2014 жылы 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылған гимнастикадан өткен сайысқа қатысып, ІІІ разрядты иемденіп, ІV орынға табан тіреді.
     Таусылмайтын білім кеніне оқшау ой мен бір ізді қаламын салып, алдына шамшырағын жағып түскен білімді шәкірт заман талабына сай ағылшын тілін жетік меңгеруге ден қойған. Ол 2015 жылы Шымкент қаласында өткен ағылшын тілі олимпиадасына қатысып, сертификат иегері атанды.
     «Білгенге маржан, білмеске арзан» деген ұстанымдағы білімпаз шәкірт 2016 жылы «Самұрық» Зияткерлік олимпиадасының сертификатын марапат қоржынына салды. Білген үстіне білуді қалайтын талапшыл шәкірт 2018 жылы «Русский медвежонок – языкознание для всех» халықаралық конкурсына қатысып, сертификат иегері атанды. Сондай-ақ, жігерлі жасқа «Золотое руно» халықаралық әлемдік мәдениеттің тарихы бойынша ойын-конкурсқа қатысқаны үшін сертификат табыс етілді.
     Жетістіктің даңғыл жолына шыққан озық ойлы оқушы 2018 жылы химия пәнінен өткен мектепішілік олимпиада бойынша жүлделі ІІ дәрежелі диплом иемденді. Осы жылы тағы да бір марапатқа қол жеткізді: Қазақстан тарихы бойынша мектепішілік олимпиада бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталып, жеңіс тұғырына көтерілді.
     Диляфруз Бахрамқызы – облыс оқушыларының 2018-2019 жылында Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар жарысының облыстық кезеңінде Тарих секциясы бойынша айрықша зерттеушілік қабілетімен танылғаны үшін мадақтама иегері.
    «Талаптыға нұр жауар» дегендей, мақсатшыл, ізденімпаз шәкірт «Кенгуру-лингвист – 2019» халықаралық лингвистикалық конкурс бойынша сертификат алып, жетістіктерін нығайта түсті.
    «Өнерлінің өзегі талмас» дегендей, бойындағы өнері күш-қуат беріп, сәттілік серігіне айналады. Қылқаламның ұшымен суретке тіл бітіріп, ойындағыны бүкпесіз бейнелей алатын талант – тәңірдің сыйы. Қабілет-қарымымен әлемді бір параққа сыйғызатын мұндай жандардың ойлау қабілеті де ерекше. Өзгелер көре алмайтын кереметті сезінеді.
     Бос уақытында заманауи әсем әуендерді тыңдауды ұнататын көрікті ару би өнеріне де икемді. Сондай-ақ, арманшыл ару түрлі жанрдағы кітаптарды да үзбей оқиды. Бұл күнде ол білім мен өнер деп аталатын егіз әлемнің тұрғынына айналған.
     Ізденімпаз шәкірт саяхаттағанды жақсы көреді. Келешекте әлемді шарлап, өзге елдердің таңғажайыптарын өз көзімен көргісі келеді. Әдемі қыздың армандары да әдемі. Ол оқуын ойдағыдай бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, заңгер мамандығын алуды жоспарлаған. Осы мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, өз ісінің кәсіби маманы атанып, халқыма пайдалы тұлғалардың бірі болсам деп армандайды. Әр таңда арманына қол жеткізу үшін, үміттің отын лаулатып жағатын Кадырханова Диляфруз Бахрамқызына сәттілік серік болғай! Атақты педагог, ағартушы В.А.Сухомлинский: «Еңбектегі табыс – бұл табысқа жеткен адамның мақтанышы. Өз еңбегін мақтан тұтпаған нағыз адам бола алмайды», – дейді. Осы пікірге қосыла отырып, ел мақтанышы болады деген ойдамыз.
     Арманың асқақ, мақсатың межелі, мұратың асыл болсын, жас дос!

[lang=ru]Оставить комментарий[/lang][lang=en]Leave a comment[/lang]
  • [lang=ru]Ваше имя[/lang][lang=en]Your name[/lang]*:

    E-Mail*:

  • [lang=ru]Комментарий[/lang][lang=en]A comment[/lang]*:

  • [lang=ru]Подтвердите что вы не робот[/lang][lang=en]Confirm that you are not a robot[/lang] - [] *:

{lang_lastnews}