Отей Санжар

Рейтинг:


    Тұлпар мініп ту алған Исатай мен Махамбеттей жаужүрек батырлардың, қазақ даласын күмбірлеген күйімен тербеткен Құрманғазы мен Динадай күйшілердің рухы қалған ұлы даланың ұрпағы – Өтей Санжар Ермекқалиұлы өз ортасындағы дарынды жеткіншектердің дарабозы.
     Жүзден жүйрік атанып жүрген Санжар – 2002 жылы 13 тамызда мұнайы атқақтаған Атырау қаласында дүниеге келді. Отбасының көзқуанышы Санжар бала кезінен өз күшіне сенімді бала болып өсті.
     Қаршадайынан зияткерлік талантын өрістетіп, өнертапқыштық қабілетін арттыруға күш салды. №17 балабақшада тәрбиеленіп, мектепалды білім мен тәрбиені дарынды балаларға арналған білімді №30 мектеп-гимназиясынан алды.
    «Бастауышым бастамам, қия шыңға бастаған» дегендей, бастауыш 1-4 сынып аралығында Нұрғиса Тілендиев атындағы кіші өнер академиясында білім теңізінің тереңіне бойлауға тырысты.
     5-6 сыныпта ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын, арнайы мамандандырылған техникалық гимназиядан білікті педагогтардан дәріс алды. 7-сыныптан бастап «Atyrau Bilim-Innovation High School» лицейінде білім нәрімен сусындай жарқын болашаққа қадам басып келеді.
      Қазіргі таңда 10-сыныптың озық ойлы оқушысы Санжар, тыңнан түрен салып, көп іске епті, өз бетінше шешім қабылдай алуға қабілетті екендігін жеңісті сәттерімен айқын дәлелдеуде.
      Мойнынан құрық түссе де мәренің алдыңғы шебінен көрінуге тырысатын сәйгүліктей Санжар достарының ең үздік жәрдемшісі. Кез келген кедергіде достарына көмек қолын созып, адамдық болмысының игі ісін көрсетеді.
      «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренетін» ұшқыр ойлы ел ертеңі сезімталдық күйінің қарқыны жоғары болғаны соншалық, көңілін тапқанға жомарт, мәрт мінезді.
   «Шын таланттыға шаршы алаңда қарсылас шақ келмейді» демекші топтық жарыстарға қатысса болды, көшбасшылық абыройды жинап үлгеретін Санжар қатарластарының мақтанышы. Ол, сыныптан тыс, мектепішілік, спорттық, мәдени, топтық шараларға қатысса, міндетті түрде команда көшбасшысы болады. Достарының ортасында үлкен бедел мен сый-құрметке лайық. Көпшілік арасында түнгі аспандағы жарық жұлдыздай жарқырайды.
      Кедергілер жас дарынның жігерін жаниды және қиындыққа қарсы тұруға талпындырады. Ол кез келген жағдайға аргумент айтып, жеке көзқарасын білдіре алады. Дегенмен оған тұлғалық дамуға, жетістікке жету жолында көпті көрген дана кісілердің ақылы артық етпейді.
      «Жақсыны көрмекке» деген секілді Санжар әрдайым жақсыдан үйренуге тырысады.
     Атасы – Юсупов Тулепқали мен әжесі – Габдуллина Батиш Санжарды сүйікті немерелеріне балайды. Ата-әжесінің екеуі де жоғары білікті педагогтар, атасы – Тулепқали Өтейұлы мамандығы бойынша физик-математик, Қазақстан Республикасы білім беру саласының еңбек сіңірген қайраткері. Ұзақ уақыт бойы мектеп директоры болып жұмыс жасаған. Әжесі биология пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарған кісі. Сондықтанда болар, Санжар биология пәнін ерекше ынтамен оқиды.
      Бүгінде ақсақалды ата, ақжаулықты әже болып, әулетінің саялы бәйтерегі болып отырған ата-әжесі Санжардың тәрбиесіне көп еңбек сіңірген жандар. Олар Санжардың бойына ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді сіңіріп өсіруге тырысты. Ержігіттік келбетінің жарқын, намысының биік, арлы болуы үшін тағылымды тәрбие беріп өсірді.
      Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретті. Еңбексүйгіш болуға, табиғатты аялап, жан-жануарларды қорғауға, өзінің және өзгенің еңбегін бағалау керектігін санасына асыл сөздің жауһарымен құйды.
      Сөз қадірін өз қадіріндей атасы, даналық ойдан дән іздейтін адам. Асыл сөздің астарын ұғатын атасы Санжарға мақал-мәтелдер, қанатты сөздерді айтып, немересін адамгершілікке, өмірдің рухани құндылықтарына қарай бағыттауға тырысты. Бір ерекшелігі, атасы немерелерінің ішінде тек ғана Санжарға өзінің атын әкесінің есімі ретінде берген.
      Дарынды кейіпкеріміздің әкесі Юсупов Ермеккали Тулепқалиұлы – ерлік, азаматтық қасиеттері мол нағыз ер азамат. Анасы Өмірбаева Аккенже Байжанқызы – дана, әділ, балаларының бастамаларын әрдайым қолдауға әзір тұратын мейірімі мол көпбалалы ана. Санжардың арқа сүйер үш ағасы бар. Үш ағасымен бірге Санжар сүйкімді қарындасына үлгілі һәм қорған болар аға.
       Міне осындай зиялы отбасының мүшесі көптеген білімд додаларының жүлдегері. 2017 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық пәндік олимпиадаға биология пәнінен қатысып, жеңімпаз атанды. 2016, 2017, 2018 оқу жылдарында биология пәнінен облыстық олимпиаданың мектепішілік кезеңдерінің жеңімпазы болды.
      2017-2018 жылдары республикалық олимпаданың мектепішілік кезеңінде білімінің басымдылығыменкүміс жүлдеге қол жеткізді. Бұдан бөлек, Санжар, биология пәні бойынша облыстық олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы.
     Халықаралық деңгейдегі «British Biology Olympiad–2018» конкурсының Silver Medal» иегері болса, халықаралық «Mendel’s Biology International Olympiad – 2018» жарысының «Gold Medal» жеңімпазы.
      Физикалық күшті қажет ететін тапсырмаларды орындауға талғамы сай келетін Санжар бос уақытында күшік кезінен өзі асырап-бағып өсірген итімен бірген ойнағанды. Қыдырғанды жақсы көреді. Музыка тыңдап, көркем фильмдерді көріп, ғылыми-фантастикалық жанрдағы, кейіпкерлерінде детективтік мінезі бар көркем әдеби кітаптарды оқу да оныңжаны қалайтын сүйікті істерінің бір бөлігі. Тіпті Санжар «Фортепиано» аспабы бойынша да дәріс алған.
       Міне осындай жан-жақты зерек жігіт, «Кейде жақындарыма дәмді тағамдар әзірлеп, оларды қуантамын», – дейді өз сөзінде.
     Көтере алмайтын шоқпарды беліне байламайтын Санжар мойнына жауапкершілік жүгін алудан әсте қорықпайды. Бүгінгі таңда спортты өмірінің бір бөлшегіне айналдырып үлгерген өрен, 5 жасынан каратэ-досекциясына қатысады. 6 жасында өзімен жасты қарсыластарымен байрақты бәсекеде бағын сынап, Қазақстан чемпионы атанды. Баскетбол, бокс, үстел теннисі, шаңғы тебу секілді спорт түрлеріне де қызығушылығы зор.
     Болашақ мамандығын нақты таңдамаған, бірақ талабы таудай Санжардың назары соңғы кездері биология ғылымына ауып жүр. Биологиядан жеткен жетістіктері талантты ұлды тереңірек ойлануға, осы бағытта әлі де білімін жетілдіруге жетелеуде.
      Келешекте ғылыми зерттеулер жасап, прогрессивті, инновациялық жобаларды жасауға тырысатын Санжардың арманы зор. Биологияны ғылым ретінде әлемдік деңгейде зерттеуді армандайтын Санжар – болашақта елеулі еңбегімен Отанының гүлденуіне азаматтық үлесін қосуды межелейді.
        Рухы мықты батырлар туған жердің сағы сынбас ұланы – Санжар Ермекқалиұлының 
халқының біртуар азаматы болуына тілектеспіз!
[lang=ru]Оставить комментарий[/lang][lang=en]Leave a comment[/lang]
  • [lang=ru]Ваше имя[/lang][lang=en]Your name[/lang]*:

    E-Mail*:

  • [lang=ru]Комментарий[/lang][lang=en]A comment[/lang]*:

  • [lang=ru]Подтвердите что вы не робот[/lang][lang=en]Confirm that you are not a robot[/lang] - [] *:

{lang_lastnews}