![]()
«КЕМЕЛ КЕЛЕШЕГІМДІ ЗАҢ САЛАСЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАМЫН»
Жайдары мінезді, ұшқыр ойлы, тәрбиелі «Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай» деген ұстанымдағы Изатулла Айнэль Абдуллақызы жасыл желекті, шырайлы Шымкент қаласында ынтымағы мен бірлігі жарасқан өнегелі отбасында 2005 жылы 5 тамызда өмір есігін айқара ашады. Қазіргі кезде Айнэль ару Жамбыл облысы, Сарысу
![]()
ауданы, Жаңатас қаласында тұрады. Асыл əжесі Рахманова Үрзада – он саусағынан өнер тамған шебер, тігінші əрі аспаз, отбасының қазынасы. Ізгілік жолынан таймай келе жатқан зерделі, талапшыл, мақсатшыл қыздың ардақты әкесі Исентаев Абдулла Изатуллаұлы – Сарысу аудандық және Жаңатас қаласы әкімшілігіне қарасты «Жаңару» ЖШС-нің директоры. Жылуы мол, жаны ізгі аяулы анасы Ибатова Элеонора Медетқызы – бала тәрбиесін басты орынға қойғандар қатарында, Жаңатас қаласының Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, білікті маман. Арайлы Айнэль – отбасындағы 5 перзенттің екіншісі. Алдында үлгі тұтар жанашыр әпкесі, ізінен ерген сіңілісі мен сүйкімді інілері бар. Әпкесі Арайлым Абдуллақызы – Алматы қаласындағы Қаз.Бас сәулет академиясының І курс студенті. Сіңілісі Айсель – Жаңатас қаласының Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының 3 «А» сыныбының оқушысы. Інілерінің үлкені Мұхамедияр – 6 «А» сыныбының оқушысы. Отбасының кенжесі, кіші інісі Хантөре – 3 жастағы балдырған.
«Білім – ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек» деген болатын данышпан Абай. Білімсүйгіш шәкірттердің алдыңғы қатарындағы Изатулла Айнэль Жаңатас қаласының Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының 9 «А» сыныбының оқушысы, сынып белсендісі, ұстаздары мен ата-анасының мақтанышы. Өз ойын жақсы жеткізе білетін талапшыл, ұғымтал шәкірт көшбасшылыққа бейім, мектете өтетін іс-шараларға белсене қатысушы. Жауапкершілігі мол, ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Айнэль бос уақытында қосымша білімін жетілдіріп, түрлі үйірмелерге барады. Руханиятқа жақын өнерлі өрен би өнеріне біртабан жақын, «хип-хоп» би түрімен шұғылданады.
Шығармашылыққа жақын жаңашыл шәкірт өз уақытын тиімді пайдаланып, барлығына үлгіруге тырысады. Кітап оқып, сабағын тыңғылықты әзірленетін ізденімпаз қыз көптеген білім бәйгелері мен зияткерлік сайыстардың, пән олимпиадаларының жүлдегері атанды.
Кемел келешегінде алтын ұя метебін ойдағыдай аяқтап, жоғары білім алып, заң саласында халыққа қызмет етуді мақсат еткен Изатулла Айнэль Абдуллақызының армандарының орындалатыны айқын.
Біз де талабы жоғары, мақсаты биік, адамгершілігі зор, қырмызы гүлдей құлпырған Айнэль аруға жетістікке жетіп, биік белестерді бағындыра бер, қанатың талмасын деген жүрекжарды тілегімізді жолдаймыз!
Жетістігі: Айнэль Абдуллақызы – 1-7 сыныптарды «өте жақсы оқығаны үшін» Мақтау қағаздарымен марапатталған оқу үздігі. 2014 жылы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып әдістемелік бірлестігінің апталығында шығармашылық белсенділігі үшін Мадақтамамен марапатталады. 2018 жылы Сарысу ауданы әкімдігі Білім бөлімінің «МӘҢГІЛІК ЕЛ» Тәрбие және білім беру орталығы ұйымдастырған Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «МӘҢГІЛІК ЕЛ – МҰРАТЫМ» атты жас ақындар мүшайрасында жүлделі ІІІ орынды иемденген өнерпаз шәкірт. Сондай-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Көңілділер мен тапқырлар» сайысының І орын жеңімпазы, Мадақтама иегері. Аудандық «ЖАС МАТЕМАТИК» байқауының ІІ орын жүлдегері атанып, Мадақтама иемденді. 2019 жылы. www. nio.kz Республикалық Ұлттық Интернет Олимпиада сайты Ағылшын тілі пәнінен ұйымдастырған онлайн олимпиаданың жеңімпазы, І дәрежелі диплом иегері атанып, мерейі үстем болды. 2019 жылы «САНДАР ӘЛЕМДІ БИЛЕЙДІ» Республикалық жас математиктер турнирінің 13-ауысым бағдарламасы аясында өткен «Кубик-рубик» кезеңдік ақыл-ой сайысына белсенді қатысып, Грамота иесі атанды. Оның әлі де талай жетістіктерге жетіп, марапат санын арттыра түсетіні ақиқат.
Сүйікті ісі: Кітап оқу, спортпен айналысу, білімін жетілдіру. Музыка тыңдау, би билеу, түрлі тәтті тоқаштар мен торттар әзірлеп, отбасын қуанту.
Арманы: Ұлы Қазақ Елінің дамуы мен гүлденуіне өз үлесін қосу. Қара қылды қақ жарған заңгер атанып, көпшіліктің мүддесін қорғау, ел мақтанышына айналу.