![]()
«Ғылым шексіз әлем. Оны зерттеп білу, тереңіне бойлау – тек ұлы адамдардың ғана қолынан келмек. Бір салада үздік болсаң, екінші саланың да тізгінін ұстап, жетістікке жетуге болады. Бастысы – ниет пен ықылас керек. Менің арманым өскенде Әл-Фараби бабамыз секілді сан салалы ғылым-білім түрлерін үйрену. Содан кейін инженер-ғалым болу. Осы арқылы елімізде түрлі ғылым салаларының дамуына үлес қосқым келеді. Қазақстанның болашағы мен секілді жүрегі «Отан» деп соғатын жеткіншектердің қолында деп ойлаймын», – дейді әлі бала болса да, сөзі мен ойы мірдің оғындай өте алғыр бала Кәлімжан Айбын Елдосұлы.
![]()
2009 жылы 26 қыркүйекте Астана қаласында заңгер мен дәрігердің отбасында дүниеге келген Айбын қазіргі таңда әкесінің жолымен жүріп, ат жалын тартып мінетін ержігіт ретінде есейіп келеді.
Алғашқы қадамдарынан-ақ ерекше ақылды бала болатыны белгілі болған Айбын 1,5 жасында форма мен пазлдарды құрастыруға қабілетін байқатса, 2 жасында 10 дейінгі сандарды жатқа айтып, оларды кері санауды меңгеріп алған болатын.
Ал, 2,5 жасында №47 «Ақ желкен» балабақшасына барып, танымын кеңейтті. 3 жасында біртаңбалы сандарды қосу-азайтуға дағдыланып, түрлі құрастырмалы ойыншықтарды бұзып, қайта құрастыруды үйренді. Үлкендердің айтқан ертегі-әңгімелерін бір айтқаннан жаттап алатын дарынымен отбасын, тәрбиешілерін тәнті етті. Міне осындай қаисеттерімен қаршадайынан өз ортасында дараланған Айбын 4 жасқа толғанда ақыл-ой дамуының алғышарты болатын, адамның өресін дамытатын шахмат ойынына қызығушылықпен ден қойды. Нәтижесінде шахмат ойнауды жақсы меңгеріп, сөздерді буын-буынға бөліп оқуды үйренді.
Есейе келе, жасында сөздерді тез оқуға бейімделіп, санап-жазуды, ақылымен түрлі есептер мен тапсырмалардың шешімін табуды үйренді.
Ақылы толысып бастаған 6 жасында мектепалды даярлық тобына қабылданып, қоршаған орта туралы көзқарасын кеңейткен Айбын қазіргі таңда ата-анасының үлгілі тәрбие беруімен жауапкершілігі мол, мейірімді, жан-жақты білімді бала болып есеюде.
«Оқу – рухани байлық, жұтамас қазына, жағалауы жоқ теңіз» деп есептейтін білімпаз. Бұл күндері Айбын, Астанадай алып та әсем қаладағы арнайы мамандандырылған №82 «Дарын» лицейінің 3-сынып оқушысы.
Сыныбының, мектебінің мақтанышы, белсенді оқушы әрбір сабақты ерекше ықыласпен оқиды. Тіпті, сабақтардың барлығын үздік бағамен оқиды. Дарынды жеткіншектің барлық бастамаларына апайы – Ибраимова Фарида Бердібайқызы қолдау білдіріп, талабын ұштап отырады.
Білікті ұстаздарының жетекшілігімен Айбын – қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда жеңімпаздар сапында бой көрсетіп жүр. Жарысқа қатысса тек алға қарай адымдап, кері шегінуді білмейтін Айбынның жеңіске деген үміт оты сөнген емес. Білім бәсекелерінде бәйгеге шапқан тұлпардай тек жеңіспен оралады.
Бала қырандай биікке самғайтын рухты елдің ұланы Айбын – бос уақытында қоршаған ортаға көңіл бөліп, табиғат аясында серуендегенді ұнатады. Экологияға құрметпен қарауы – табиғат-анаға деген құрмет деп есептейтін жеткіншек қатарластарының алдында құрметке ие. Достарына кез келген уақытта көмектесіп, жолдастық қамқорлық танытуға әзір. Әсіресе, бауырына ықыласы ерекше. Меруерт апасының ақылын тыңдап, бастамаларының сәтті нәтижеге жетуі үшін ақыл-кеңес сұрап отырады.
Міне, осындай зерек те білімпаз өреннің өмірден өз орнын тауып, адамдық алтын тұғырда маңдайы жарқырайтынына тілектеспіз!
![]()