Наурызбаев Нурберген

Рейтинг:

«МЕН ЕЛІМЕ НЕ БЕРЕМІН ДЕГЕН ОЙДА ЖҮРЕМІН»

      «Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады», – деген жазушы Ғабит Мүсіреповтің даналық ойынан тұщымды ақыл алып, заңғарларға самғауды бала кезімнен мұрат етіп келемін. Өз ұлтымның ана тілін, әдебиеті мен құнды тарихын зердеме тоқып, ержеткенде еліме пайдам тиер абыройлы азамат болғым келеді. 
      Әсіресе, қиналған жандарға көмек қолымды созып жақсылық жасауға дайынмын. Өйткені данышпан Абай «Адамзаттың бәрін сүй, «бауырым» деп» деген емес пе?! Жақсылық жасау – ата-анамнан бойыма сіңген асыл қасиет. Өзіме жақсы өмір сыйлаған аяулы жандарды қуанышқа бөлеп, игі істеріммен ата-ана алдымдағы парызымды, елімнің алдындағы азаматтық борышымды өтеу – менің асыл арманым. 
      Жалпы, «Жігітке жеті өнер де аз» деген пікірмен келісемін. Еліме тигізер пайдам көп болса екен деп алғы күнге асығамын. Жақсы оқып, білім мен спортты, өнерді қатар алып жүріп, биік белестерді бағындырып, заман талабына сай алдыңғы қатарлы білімді, жаңашыл жастардың қатарын толықтырамын. Елім маған не береді емес, мен еліме не беремін деген ойда жүремін».
 
      Наурызбаев Нурберген Батыржанұлы Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында өмір есігін ашты. Нурберген бала бақытын басты орынға қоятын зиялы қауым өкілдерінің отбасында жан жылуын сезініп, сүйіспеншілікке бөленіп ержетіп келеді. Жақсы бала көп нәрсені естіп білуге, үйренуге және көкейге түюге талпынады. Жақсы бала бүгінгі ісін ертеңге қалдырмайды, сабырлы болады. Жақсы баланың жандүниесі, рухани әлемі таза, адал болады. Осындай балалардың қатарындағы Нурберген – ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасының аялаған  перзенті, көзқуанышы.
     Халық даналығы: «Көп көрген үйренеді, көп білген сый көреді», – дейді. Расында да,  білімдінің аты озып, бәйгенің алдын бермейтіні  – хақ. Озық ақылы, тағылымды тәрбиесі арқылы жастайынан ортасының алды болып есейіп келе жатқан Нурберген – ұлы істердің бастамашысы болатын қазақтай дана халықтың абыройлы жастарының бірі. 
      Өсер бала жастайынан белгілі. Замандастарының бірі кәсіпкер, бірі дәрігер, бірі шығармашылық адам болуды қаласа, Нурбергеннің арманы да, болашағына  құрған жоспары да өзгеше. 
      Себебі, өзгеше ойлай білетін ойлы, жұрт көрмеген өмірдің кереметін көруге, тың дүниелерді жасауға тырысатын өрен «болашақта жұрт таңқалатындай, қайталанбас алып ғимарат салсам» деген ойда ізденіп, саңлақтар салған сара жолды тереңірек зерттеп-білуге ұмтылуда. 
      Нәтижесі де жаман емес. Күннен-күнге таным көкжиегі кеңейіп, қияға қанат қағар бала қырандай қанатын қомдауда.
      «Әрбір отбасы іргетасының берік болуы – сол отбасы мүшелерінің   бір-біріне деген сүйіспеншілігі, ыстық ықыласына байланысты. Осындай мейірімді қасиеттерді сезініп өскен сәби-бүлдіршін болашақта тұғырлы азамат болып қалыптасады деп ойлаймын.  
      Менің отбасымда да осындай жарасымды жылылық қалыптасқан. Ата-анамның арасындағы парасатқа толы сыйластық, олардың өнегелі ғұмыры – біз үшін тәлімді тәрбие көзі. 
      Отбасымыздың Алатаудай тірегі, сөзі мен ісі сай ардақты әкем Рахметов Батыржан Наурызбайұлы – мен үшін қайталанбас тұлға. Дұрыс бағыт-бағдар беріп, жақсы істерімнің қолдаушысы болып жүретін ардақты әкем – менің тұсбағдарым.
      Жаны жайсаң, жүрегі дархан, ұлының болашағынан зор үміт күтетін озық ойлы, мейірбан анам  Иламанова Ақмаңдай Жұмақанқызы  – отбасы бақытын басты орынға қойған жан.  
      Парасаттылық пен имандылық ұялаған отбасымызда әкем мен анамның рөлі зор. Әкем маған: «Ұлым, сабыр мен көркем мінезден ажырама. Өмірде мақсатың айқын болса, арманыңа жетесің. Алдымен өзіңе не керегін біл. Сонда қалағаның орындалады. Бағдары анық адамның қашанда жетер биігі белгілі. Адалдықтан тайма» деп үнемі ақылын айтып отырады. Әкемнің ақылын тыңдау – перзенттік парызым деп есептеймін.
      Отбасында біз 4 ағайындымыз. Алдымда үлгі тұтар бауырларым: арқа сүйер ағам Жеткізген мен жанашыр әпкем Ырысты бар. Өзімнен кейінгі бауырым: сүйкімді інім Арманға қамқор болып, жақсы үлгі көрсетуге тырысып жүрмін. 
      Жеке дара қабілетін дамытып, шығармашылық салада еңбек етуді қалайтын мақаламыздың басты кейіпкері Нурберген Батыржанұлы Жаңаөзен қалалық №19 мектеп-лицейінде білім баспалдақтарымен біртіндеп көтерілуде.
      Адам жанына рухани күш, көркемдік, жанға жайлы сезім сыйлайтын  ұйқасқа құрылған қара өлеңдерді сүйсіне оқиды. Алтын ұясындағы өтіп жүрген түрлі бағыттағы мерекелік іс-шараларда мәнерлеп өлең оқудан да алдына жан салмайды. 
      Сабақтан тыс кездері халық ертегілері мен кәсіби балалар жазушылары жазған ертегілерді қызыға оқиды. Кітапқұмар өрен Нурберген: «Бар білімнің тайқазаны – кітапта» деген көзқараста. 
      «Оқып, оқығанды көңілге тоқып, Отаным үшін қызмет етемін!» дейтін киелі жердің зерек перзенті ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Үнемі зерттеу мен ізденіс жолындағы оқушылық уақытын бекерге өткізбей, әр тәулігін оқу мен қосымша ағылшын тілі сабағынан дәріс алуға арнайды.
      Білегіне емес, біліміне сенгенді көкке өрлететін уақытта білім алуға бар ынта-ықыласымен кірісіп, көптеген зияткерлік білім сайыстарына, пән олимпиадаларына үзбей қатысып, марапаттар мен мадақтауларға қол жеткізіп келеді. 
      2013-2014 оқу жылында Жаңаөзен қаласының 45 жылдығына орай өткізілген «Жаңаөзенім, саған арналады» атты мәнерлеп оқу сайысында І орын жеңімпазы атанды.
      2014 жылы 1-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» Республикалық конкурсының шығармашылық зерттеушілік жобалар және шығармашылық жұмыстардың қалалық кезеңінде жүлделі ІІ орынды алып, Сертификат иемденді. Осы конкурстың облыстық кезеңінде «Математика, информатика»  секциясы бойынша ІІІ дәрежелі Диплом иегері атанды.
      2014 жылы «Ана тілім – айбыным» атты Мәнерлеп оқу сайысының қатысушы ретінде І орын алып, тілге деген құрметін көрсетті.
      Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Нурберген 3-сыныптар арасында өткен «Сүйікті анам сыйлығым дайын!» атты жас суретшілер және қолөнер байқауына қатысып, ІІІ орын алып, мерейі үстем болды.
      2015 жылы облыс көлемінде озық білімімен, үлгілі тәртібімен мектептің абыройын асқақтатып жүрген 4 «Б» сынып оқушысы Наурызбай Нурбергенге Мадақтама табыс етілді.
      2015 жылы математика пәнінен қашықтық жекепәндік блиц-турниріне қатысып, Диплом иемденіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді.
      2017 жылы «Туған жер» жобасының аясында өткен «Серікболтану»  конференцияларында «ҮЗДІК» деп танылып, Мадақтама иегері атанды.
      2018 жылы білімпаз шәкірт Наурызбаев Нурберген «өте жақсы оқығаны үшін» Мақтау қағазымен марапатталып, ұстаздары мен ата-анасының мақтанышына айналды.
      2019 жылы «Туған елге саяхат» саяхаттық тур бойынша Диплом иемденді. 9 ақпан ақиық ақын М.Мақатаевтың туылған күніне орай 6-сыныптар арасында өткен «Менің пірім – Мұқағали» атты сайысында І орынға ие болып, Мадақтамамен марапатталды.
      Білімге ынтық ізденімпаз шәкірт 2019 жылы мектепішілік «Таным» ғылыми қоғамының «Дарынды балалар» бағдарламасы бойынша «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік клубында ІІІ орын алып, толайым табысқа қол жеткізді.
      Қабілетті, зерек шәкірт бос уақытында футбол ойнап, сканворд шешіп, әлем елдері туралы қызықты ақпараттарды зерделейді. Салауатты өмір салтын ұстанатын жаңашыл жас спортпен тұрақты түрде шұғылданады.
      «Арман адамды алысқа жетелейді» дегендей Наурызбаев Нурберген мектепті ойдағыдай бітіріп, жоғары білім алып, бизнеспен айналысуды жоспарлаған. Ата-анасының ақ үмітін ақтап, өмірге кірпіш болып қаланып, Ұлы Қазақ Елінің мақтан тұтар абыройлы азаматы атану – Нурберген   Батыржанұлының басты мақсаты.
      «Атаның емес, адамның баласы бол» деген ұстанымдамын. Менің мақсатым – ұлан ғайыр еліме бір пайдасы тиер лайықты азамат атанып, адамдарға қолдан келгенше жақсылық жасау. Нағыз адам болу. Иә, ол үшін бойымдағы барлық қабілетті шыңдап, елімнің өркендеуі жолында еңбек етуім керек», – дейді ұлағатты ұлан.
      Лайым, көздегенің көк аспаннан асып, армандарың орындалсын! 
[lang=ru]Оставить комментарий[/lang][lang=en]Leave a comment[/lang]
  • [lang=ru]Ваше имя[/lang][lang=en]Your name[/lang]*:

    E-Mail*:

  • [lang=ru]Комментарий[/lang][lang=en]A comment[/lang]*:

  • [lang=ru]Подтвердите что вы не робот[/lang][lang=en]Confirm that you are not a robot[/lang] - [] *:

{lang_lastnews}