Еуропа құрлығының кіндігінде, байырғы Ұлы Жібек жолында ірі кен орындарын қойнауына бөгіп, тарихқа толы сырымен әлем халқын тамсандырып жатқан Шыңжаң өңірі тарихтың көмбесіндей. Әлемге әйгілі Алтайдың алтыны, жақұты, шырымталы бұл аймақ тұрғындарын таңданыс сезіміне жетелемей қоймайды. Алып Алтайдың Ласты ауылында 2005 жылы 21 наурызда туылып, оқушылық жетістіктерімен қуантып жүрген Мұратбек Динара – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтін қазақтың қаракөз қызы 2011-2012 жылдары Шыңжаңның Алтай қаласында қытайша дайындық пәнін үлкен талпыныспен оқыды. Қазақша да, қытайша да сауаты мықты.
2013 жылы отбасымен бірге атамекеніне оралған арманшыл ару Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласындағы Абай атындағы №33 орта білім беретін коммуналдық мемлекеттік мекемесіне оқуға барады. Сол сәттен бері білімнің алтын жүзігін тағына, ешбір жан сырына толық жетіп болмаған оқудың әліппесінен өрлеу баспалдағына зор құлшыныспен адымдап келеді.![]()
Дүние жаңарып, асқар шыңның басындағы қар жамылғысы еріп, күн мен түн теңелген тұста жарық дүниеге келген Динара – мектепте үздік оқушы.
Нұр жүзінен көктемнің жайма шуақ күні көрінетін ерке қылықты, мақтадай жұмсақ мінезді ару – «Абай оқулары» мүшайрасында, «Күз ханшайымы» байқауында жүлделі ІІ орынды жеңіп, дарынын байқатқан өрен. Одан өзге, 2018 жылы «Күз ханшайымы» сынында Бас жүлде, мектепішілік «Бестіктер апталығы» сайысында қатарынан дараланып, ІІІ орынды жеңіс қоржынына салды.
Өзін танытып, өз-өзін ерекше талантымен жетілдіріп, асқақ армандар жолында талаптың тұлпарын мінген жеткіншек – қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Өнерге деген қызығушылығымен жеңіске ұмтылып, шығармашылық табысқа жеткені үшін» деп аталатын бірнеше мадақтама иесі. Математикадан өткен пәндік олимпиадада ІІІ дәрежелі дипломға лайық деп танылды.
Динара – республикалық, халықаралық білім бәсекелерінің жеңімпазы.
«Сырым бар жүрегімде» атты көркем сөз-ән байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша І дәрежелі лауреат атанып, алтыннан алқа тағынды. «Кенгуру – математика для всех», «Ақбота – 2015» интеллектуалдық жарыстарында еңбегі еш кетпей, мадақтама қоржынын тағы да толықтыра түсті. Астана қаласында өткен IІ халықаралық «Шашу» фестивалінен медаль тағынса, «Золотое Руно», «Пони» зияткерлік додаларынан мақтау қағаздарын иеленді.
Тәуелсіз Қазақстанның зейінді жасы – Мұратбек Сәли мен Зүлкәш Күлшәштай жарасымды жұптың перзенті. Бұл күнде жеке кәсіптің көзін тауып, адал еңбектің шамшырағын жағып отырған ата-анасының көреген перзенті үшін атқарар еңбегі – ұшан-теңіз. Динараның мектепалды даярлық сыныбына баратын Мұратбек Мәрмәр есімді сіңлісі бар.
«Уақыт – қайта оралмас құндылық» деген ұстанымдағы өнерлі ару бос уақытында кітап оқып, домбыра тартып, ән айтып, өлең жаттап, би билеуге келгенде, ешкімге дес бермейді. Математика, ағылшын тілі, қазақ тілі мен әдебиеті, жаратылыстану пәндерін ерекше ұнатып оқиды.
Қазақтың лирик ақыны М.Жұмабаевтың: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін!» деп, сенім білдіруі – текке кетпесі хақ. Себебі қырандай күшті қанатты Динарадай қазақ қызының ел сенімін ақтап, биік белестерден көрінуі – шүбәсіз ақиқат.
Ұлы қазақ елінің болашағы – білімді, талапты жастардың қолында!