Өнер – таусылмас кен, қазыналы арал. Қазған сайын, тереңдігіне бойлаған сайын құмарта бересің. Қабілеті ерекше дарынды жастар киелі творчестолық өнер сахнасында тіл табысып жатады. «Өнерліге өріс кең» дегендей, көркемсурет саласының жұлдызына айналып, өнер әлеміне ерте қадам басқан қарлығаштардың бірі Аскерова Гульнур Нұрболатқызы – Қазақ Ұлттық Өнер университетінің дарынды шәкірті. 2016 жылы аталған оқу орнының шәкірті атанып, бұл күнде қабілетті болмысымен көрерменнің көзайымына айналып жүр. Нұрболатқызы Гульнур Ақмола облысы, Степногорск қаласында 2003 жылы 25 ақпанда отбасының нұрына айналып, өмір есігін ашады.
Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту, оның шығармашылық мүмкіндігінің дамуы басты рөл атқарып отыр. Бұл мақсатқа жетуде ұстаздары терең білімді, мәдени талғамы жоғары зейінді шәкірті Аскерова Гульнурды мақтан тұтады. Оның жарқын болашағына сенім артады. Білім мен танымдық сайыстарда жаңа келбетін қалыптастырып, сан алуан жетістіктерді оқушы портфолиосына жинап жүрген үздік шәкірт – білім ордасының мақтан тұтар дарынды жасы.
Оның дәлелі: Халықаралық «Время Мечтать» билингв-балалар шығармашылық фестивалінде «Радужная палитра» онлайн-конкурсінде сурет салудан арнайы дипломмен марапатталады; «Be Clever» халықаралық дамыту орталығы ұйымдастырған сурет салу, фотосуреттер, қолөнер мен ашық хаттар «Мульт-Герой» конкурсында І дәрежелі диплом жеңімпазы, қатысушы сертификаты иеленіп, мәртебесі биіктей түсті. «Рухани жаңғыру» Ұлттық бағдарламасы аясында ҚР Рәміздеріне 25 жыл, Қазақстанның БҰҰ қабылдауына 25 жыл құрметіне орай «Мәңгі Ел, Қазақстаным!» оқушылар мен жасөспірімдер фестивалінде көрсеткен айрықша өнері, дарынды қабілеті және рухани өркендеу жолындағы еңбегі үшін І дәрежелі дипломмен марапатталған. Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігі «Бейбітшілік Әлемі» «Рухани жаңғыру» Ұлттық бағдарламасы аясында қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаевтың құрметіне арналған «Мәңгі Ел – Қазақстаным!» оқушылар мен жасөспірімдер фестивалінде қолөнер-көркемсурет көрмесінде көрсеткен айрықша өнері үшін Бас Жүлде иеленіп, арнайы диплом жеңімпазы атануда да табиғат сыйлаған дарындылығы ерекшеленіп тұрғандай.
Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «жақсы оқуы мен үлгілі тәрбиесі үшін» алғыс хат иегері атанып жүрген талантты шәкірт халықаралық «Сова» интеллектуалдық орталығы І халықаралық қашықтық олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша І дәрежелі диплом жеңімпазы атанып, ұстазы Ашикова Мәншүк Амангелдіқызының ыстық ықыласына бөленді. Ұстазының еңбегін еселей түсті. Сонымен қатар, «Қос қыран» білім мен шығармашылық дамыту орталығы мен республикалық «Спорт жұлдыздары» ғылыми-әдістемелік журналының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік – ел бақыты» атты республикалық көркемсурет байқауына қатысып, Бас Жүлде иегері атанады.
Халықаралық «ЮНИСЕФ-70 жыл» барысында «Қазақстанның балалары – әлемнің балалары» шығармашылық конкурсында финалист атанып, арнайы диплом иесі жеңімпазы атануы да – ерен еңбектің, үздіксіз іздену мен шығармашылық жетілудің жемісі емес пе?! І Халықаралық көркемсурет конкурсында «Мой любимый учитель» тақырыбындағы шығармашылық жұмысы арнайы І дәрежелі дипломмен марапатталды. Халықаралық І бүкілресейлік көркемсурет конкурсында «8 марта – День прекрасный!» творчестволық жұмысы да арнайы диплом иеленіп, өнерлі жастың өрге жүзетінін тағы да дәлелдей түскендей еді.
Жыл сайын ҚҰӨУ алғыс хаттары мен мадақтамасын иеленіп, шығармашылық келбетін айшықтап жүрген талантты ару, дарынды жас Аскерова Гульнурға өнер жолында жұлдызың жарық, биікке самғаған қанатың талмасын дегіміз келеді.
Сені мақтан тұтамыз, өнерлі жас!