Жаңа дәуір – білім дәуірі. Білектінің емес, білімдінің және жүректінің заманы. Жылдам ойлап, тез шешім қабылдайтын, мақсатын жүзеге асыратын арманшыл жастардың заманы. Оңтүстіктің қасиетті топырағынан нәр алып, биік мүдделі мұраттарды ойлаған Бақберген Нұралыұлы – осындай жастардың қатарында. Білімдар ұлан білім бәйгесінде, халықаралық додаларда да топ жарып келеді.
Қали Бақберген Нұралыұлы 2009 жылдың 30 желтоқсанында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келген. Арман асуына қадам басқан қағылез өрен ұлы мұраттарды түйсініп, білім алуда ерекше ізденімпаздық танытып келеді.
Қали Бақберген – ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімін еншілеген №65 мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушысы. Ұстазы Бекмұхамедова Гүлшат Талғатбекқызы – тәлімді тәрбие мен сапал білім беріп отырған ұлағатты ұстаз. Шәкірт жүрегіне жол тауып, кеуде сарайына нұр шаша білген сәулелі ұстазын үлгі тұтып, Бақберген де арман асуына қадам басып келеді.![]()
Үшінші сыныптың үздік оқушысы ретінде ол талай жерде марапат мінберіне көтерілді. Жүзден жүйрік шығып, мыңнан тұлпар атанған дарынды жас біршама сайыстарда жеңімпаз атанып, ұстаздары мен ата-анасының артқан үмітін ақтап келеді.
Бірлігі жарасып, түтіні түзу ұшқан Қали әулеті – үлгілі шаңырақ. Жас өрен Бақбергенді тәрбиелеп, додаға қосып жүрген отбасы 2017 жылы «Ынтымағы жарасқан отбасы» сайысында «Ең үздік отбасы» номинациясын иеленіп, Бас жүлдені жеңіп алды. Өнегесі өренінің бойына дарыған ата-анасының арманы да – жеткіншегінің талантын шындап, қабілетін көрсету.
Білімнің болашаққа бастар жол екенін ұғынатын ұлан бастауыш сыныптарда әрбір оқу жылының қорытындысымен үздік оқығаны үшін, үлгілі тәртібі үшін мадақталды. 2017 жылы «Осень – 2017» халықаралық олимпиадасында «Инфоурок» жобасы бойынша ІІ орынды иемденді. Ал 2017-2018 оқу жылында «Ақ желкен» лингвистикалық зияткерлік олимпиадасына қатысқаны үшін арнайы сертификатқа қол жеткізді. Сонымен қатар, 2018 жылы «халықаралық бакалаврит әдісі бойынша философия білімі негізінде халықаралық олимпиадаға қатысқаны үшін» сертификат иеленді. Осы жылы ол «Englisch summer camp» сертификатын иемденді. Ағылшын тілі пәні олимпиадасында ІІІ орын алды. 2018-2019 оқу жылында «BILGEN BAIGE» республикалық олимпиадасының іріктеу кезеңіне қатысып келесі кезеңге өткенін дәлелдейтін сертификатқа қол жеткізді.
Шығармашылық қабілетімен дараланған өрен 2019 жылы «Жігіт сұлтаны – 2019» сайысында «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясымен марапатталып, мерейін асыра түсті.
Білім бәйгесінде топ жарған жүйріктің спортта да алған асуы – өз алдына бір төбе. Спорттың Кёкушинкай каратэ-до түрімен көптен бері шұғылданып келеді. Жеткен жетістіктері де – сан алуан. Сайыпқыран өренге 2016 жылдың күзінде Кёкушинкай каратэ ұйымының бүкілқазақстандық президентінің 10 кю дәрежесі бойынша сертификаты табысталды. Жас спортшы 2017 жылы Шымкент қаласының ашық біріншілігінде аталған спорт түрінен ІІ орынды еншіледі.
Алдына мақсат қойған адам ғана биік белестерді бағындыра алады. Нұралыұлы Бақберген жан сарайындағы игі қасиеттерді жиып, алға қадам басып келеді. Ол – тура жолдан таймай, жақын жандарының үкілі үміттерін ақтауды мұратына балаған жас дарын!