Жалаири жазған ғибратты сөздердің ішінде «Кім білімді көп алып, көп тұтса, соның дәулеті артады» деген бар. Ілім-білімнің кілтін тапқан адам – ең бай адам. Бұл – ескіден қалған есті сөз. Атыраулық аяулы ару Әселім Кеңесқалиқызының ұстанымы да осы. Өнер мен білімді егіз көріп, қайықтың қос ескегіндей пайдаланып келеді. Мұны үлкендерден алған ұлағаттың ізімен қолдануда.
Жолдас Әселім Кеңесқалиқызы 2005 жылы 8 шілдеде Атырау облысына қарасты Атырау қаласына жақын орналасқан Талғайран ауылында дүниеге келді.
Тамырын тереңге тартқан бәйтеректей әкесі Ізімов Кеңесқали 1964 жылы 28 қарашада Атырау облысына қарасты Талдыкөл ауылында (бұрынғы Редут ауылында) дүниеге келген. Жоғары техникалық білімі бар, ТШО-да координатор болып көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Анасы Биманова Әлия 1964 жылы 13 желтоқсанда Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылында дүниеге келген. Үлгілі отбасында өсіп-өнген талдырмаш қыздың 2 ағасы, 1 апасы бар. Ағасы Асқар жоғары техникалық білімі бар азамат, ТШО-да қызмет атқарады. Ал апасы Ақбота Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің 6 курс студенті. Тағы бір ағасы Асылхан биыл Алматы энергетика университетін бітірді. Ауылда жұрттың аузында жүретін, тәрбиелі, тағылымды отбасы.
Кішкентайынан әжесінің тәрбиесін алып, көнекөздің қолында өскен Әселім балабақшаға бармады. Отбасындағы құнарлы тәрбиенің қайнар көзінен қанаттанды.
Ол 2011 жылы Талғайрандағы 9 жылдық негізгі мектептің табалдырығын аттады. Білім ошағындағы алғашқы сәттерден бастап-ақ ол өзінің басқалардан бөлек болмысымен айқын танытты. «Қыз қылығымен» деген қазақ даналығы. Әселім көркем мінезімен, биязы қалпымен, тәрбиелілігімен, өнерге ерекше көзқарасымен көрінді. Мектепте өткізілетін барлық білімдік-танымдық және әдеби-сазды тәрбиелік шараларға белсене қатысып, жүлделі орындар мен дипломдармен марапатталды.
Тау биік талантының арқасында сан түрлі байқаулар мен жарыстардың жеңімпазы атанды. Білім ошағында үлгілі үлгерімі мен өнегелі тәртібі үшін жыл сайын мақтау қағазына ие болып жүр.
Дарынды жас 2015 жылдан бастап Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық дарынды балалар мектебінде оқиды. Сонымен бірге Әселім Атырау қаласындағы Қайыршақты балалар саз мектебінің «Дәстүрлі ән өнері» сыныбында дәріс алып жүр.
Өнер мен білімді құстың қос қанатындай таныған талапшыл жас 2015 жылы математика пәні бойынша пәндік олимпиада жүлдегері атанып, сонау Сарыарқа төсіндегі елордадан ІІ орынды еншілеп келген. Арада аз уақыт өткенде Атырау облысы Білім беру басқармасы ұйымдастырған облыстық фестиваль-конкурста ол дәстүрлі ән өнері номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломды иемденді.
Дәл осындай номинация бойынша Атырауда өткен халықаралық байқауда ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал аталған байрақты бәсекенің Атырау қаласында өткен халықаралық фестиваль-конкурсында І дәрежелі дипломға қол жеткізіп, мерейі үстем болды.
Ол қашанда айналасындағылардың абыройын арттырып келеді. Тіпті, сыныптастары арасында беделді. Өзі қалыптасып келе жатқан дәстүрлі ән өнерінен Алматы қаласында да байқау өткен. Аталған жарыста ол осы номинация бойынша І дәрежелі дипломға қол жеткізді.
Әселім Кеңесқалиқызы «Золотое руно» атты тарих пәнінен өткен халықаралық сайыстан да ІІ орынды еншіледі. Оған қоса, республикалық «Жеті өнер» шығармашылық орталығы ұйымдастырған байқауда дәстүрлі ән өнері номинациясы бойынша ІІІ орынға табан тіреді. Өзінің кемшілігін өзі көріп, соны түзете алатын қабілетке ие қарлығаш бір жыл бойы өзін дамытумен жұмыс істеді. Аянбады, шаршамады. Қажығаннан келер пайда жоқ. Осылайша ол «Жеті өнерге» жіті дайындалған болатын. Нәтижесінде 2018 жылы осы номинация бойынша бас жүлдені қанжығаға байлады.
Білім саласында өз биігін бағындыра білген балғын жас «Балаға мейірімді Қазақстан» республикалық форум-фестивалінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің ықыласына бөленіп, сертификатқа ие болды.
Иә, «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген еді ғой. Таза мінсіз асыл тастың да қай уақытта болса да су түбінде жатып, кез келгеннің уысына түсе бермейтіні тәрізді өнер де қонар адамға, талабы мен таланты үндескен жанға қонады.
Әселімнің өнер саласына қанат қаққандықтан оның жаны рухани азық алатын дүниенің қатарында домбыра тарту, ән шырқау, сурет салу тәрізді өнердің бірнеше түрімен айналысатыны аян. Мектептен тыс уақытын музыкалық білімін жетілдіруге арнап келеді.
– Көркем әдебиеттерді оқу арқылы рухани жан дүниемді байытуға бос уақытымды жұмсаймын. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дегендей, қиялымды көкке самғататын асыл армандарым бар. Олар: мектепті үздік бағамен бітіріп қалаған мамандығыма қол жеткізу, – деді бізбен әңгімесінде ол.
Дәстүрлі ән өнерінің шыңына жету – негізгі арманы. Ал сол армандардың қатарында әлем елдерін аралау да бар. Өмір айдынында қанатын кеңге қаққан қарлығаштай жандардың көп екені бесенеден белгілі. Ал Жолдас Әселімнің нұр тұнған жаны әлі де биік шыңдарға шығарары сөзсіз.
Шығар шыңың биік болсын!