Сегіз қырлы, бір сырлы. Иә, бұл – Әуезхан Нұрымға берер бір-ақ ауыз анықтама. «Жігітке жеті өнер де аз» деген атам қазақтың тәмсіліне терең бойласақ, оның алар биігі де аласармайды, шығар шыңы да биіктей түседі.
Нұрым Бауыржанұлы 2002 жылы 19 қырқүйекте Қазақстанның ең көркем, сәулетті қалаларының бірі Қостанай шаһарында жарық ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасында дүниеге келді. «Білген адам білімді өмір бойы іздейді» деген қанатты сөзбен қаруланып, білім алуға шындап ден қойған, талабы таудан биік Әуезхан Нұрым «Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады», – деген жазушы Ғабит Мүсіреповтің даналық ойынан тұщымды ақыл алып, заңғарларға самғауды бала кезінен мұрат етеді.
Дана халқымыз «Бала – шамшырағың, көзіңнің нұры» деп текке айтпаса керек-ті. Жастайынан зерек, тәрбиелі болып ержетіп келе жатқан Нұрымның жайсаң мінезді, сөзіне ісі сай, мейірімділігімен, кішіпейілділігімен ерекшеленетін анасы Кенжетаева Толкын Ауезханқызы – бала бақыты үшін барын аямайтын жандардың қатарында. Аяулы анасы бала тәрбиесінде жазушы-педагог Ж.Аймауытовтың: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек», – деген сөзін басшылыққа алған.
Нұрымның өмірден ерте озған нағашы ағасы Кенжетаев Батыржан биік болмысты, жоғары ұстанымды, ер мінезді, бір сөзді, қайырымды, адамгершілігі мол ақеден жігіт болатын. «Жігіт жақсысы – нағашыдан» деген сөз тегін айтылмаса керек, Нұрымның нағашы ағасына асыл қасиеттерімен ұқсайтыны анық.
Зерек, қызығушылығы жоғары Нұрым Қостанай қаласындағы №8 балабақшасына қабылданып, жақсы қасиеттері дамып, қауызын жарған гүлдей ашыла бастады. Бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы да балабақша қабырғасында оянды. Алғыр, зерек балдырған 6 жасынан бастап оқуға барып, №24 бастауыш мектебін ойдағыдай бітірді.
«Талап қыл артық білуге, Артық ғылым кітапта. Ерінбей оқып көруге» деген данышпан Абайдың сөзін басшылыққа алған білімпаз шәкірт Нұрым 2013 жылы Қостанай қаласындағы №115 мектепке шәкірт болып қабылданып, мектеп өміріндегі іс-шараларға белсенді қатысып, жақсы жағынан көріне білді.
«Білген адам білімді өмір бойы іздейді» дегенді басшылыққа алған білімсүйгіш өрелі өрен 2016 жылы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатына сынақ арқылы қабылданып, білімділігін дәлелдеді. Қазіргі таңда 11-сыныпта оқиды.
Білімімен өрге жүзген жас талап 2015 жылы Сочи қаласында І дәрежелі лауреат атанды. Осы жылы «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» XIV Республикалық педагогикалық олимпиадасының І орын жеңімпазы атанды. Өнер әлеміне біртабан жақын жас талант Нұрым Әуезхан 2019 жылы Мәскеу қаласында өткен саз-өнер шығармашылығына арналған XIV Халықаралық «Звуки и краски столицы» конкурс-фестиваліне қатысып, І дәрежелі диплом иегері атанды. Қостанай қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырған «Зерттеуге бір қадам – дамудың жүз қадамы» аймақтық ғылыми-практикалық конференциясының Қазақ тілі мен әдебиеті секциясынан жүлделі ІІ орынды иемденді. Білімге, оқуға құштар білімпаз шәкірт – Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының жүлдегері, ІІІ дәрежелі диплом иегері.
Мектепішілік ғылыми тәжірибелік конференцияда қазақ тілі мен әдебиеті секциясы бойынша «Ұлағатты Ұлы Дала: рухани жаңғыру, білім және инновация» тақырыбында І орын иемденіп, мерейі үстем болды.
Талабы таудай, мақсаты биік өнерлі өрен 2019 жылы Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық жобалар конкурсының облыстық кезеңі бойынша жеңімпаз атанып, қатысушы Сертификаты беріліп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» XIV Республикалық педагогикалық олимпиадасының Сертификатын алды. Биікке талаптанған әрбір жан өмір мектебінің алғашқы баспалдақтарынан өтеді. Нұрымның алғырлығы мен зеректігі оны басқа балалардан қашан да ерекшелеп тұрады.
Салауатты өмір салтын ұстанатын өрелі өрен бос уақытында фантастика жанрындағы кітаптарды оқып, таза ауада серуендегенді ұнатады. Шығармашылыққа жақын талапшыл ұлан түрлі бағыттағы музыкалық шығармаларды достарымен бірге тыңдағанды ұнатады. Өзгелермен тез тіл табысатын заманауи жас ала доп қуалап, футбол ойнайды.
Дарынды жас болашақ бедерінде оқуын ойдағыдай аяқтап, жоғары білім алып, білікті маман болуды қалайды. Жан-жақты жетіліп келе жатқан заманауи жас Нұрымның мақсаты – еліне елеулі, халқына қалаулы азамат атанып, анасын қуантып, көпшіліктің көңілінен шығу, игі істердің ұйтқысы болу.
«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дегендей, бар жақсы қасиетті бойына жиған Әуезхан Нұрым Бауыржанұлының бағындырар белестері әлі де алда екені хақ.
![]()
![]()