Кенесбай Арайлым

Рейтинг:

    «Білім алудың тамыры ащы, жемісі тәтті» деген екен халық даналығы. Рас, көз майын тауысып, білім іздеп, қанша бейнеттенсең, азамат болып қалыптасқан соң, соның жемісін жейсің. Бұл теорема емес, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналған. Әсілі, қазақ баласы білімге ежелден құмар. Әйтпегенде, көшпелі елден отырықшылыққа ауысып жатқан тұсында қазақ халқы Абайдай ұлы ағартушыларға, Ыбырайдай сауатты азаматтарға неліктен құмар болды дейсіз?! Бүгінгі күні ұлы арыстарымыз негізін қалап кеткен ұлтымыздың білімге деген құштарлығын дәлелдеп жүрген жас өрендердің бірі – Кенесбай Арайлым Худайбердиқызы.
    Нұр-Сұлтан – арман қала, Тәуелсіз еліміздің бас қаласы, Отанымыздың жүрегі, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Елордада 2009 жылы 2 маусымда өмірге келген әсем қыз Арайлым – отбасының ақ үміті, көзқуанышы. Арқаның төрінде сылдырап аққан, Есілдің жағалауында орналасқан айбынды, заманауи қала бүгінде «Нұр-Сұлтан» деп аталады. Заңғар көкке қанат қақса: «Елімнің күншуағы, арайлы таңы боламын!» дейтін қазақтың қаракөзі кішкентайынан ұлт қазынасына сусындап өсуде.
    Отбасы – барлық ізгілік пен жақсылықтың бастау алар жері, әрбір жанның ыстық ұя, киелі мекені. Ажарына ақылы сай Арайлым – ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасының кенже перзенті, үкілеген ақ үміті. Ізгі ниетті, дарқан көңілді, шуағы мол мейірбан анасы Шарипова Индира Уринбекқызы 1981 жылы дүниеге келген. Қазіргі уақытта массажист болып жұмыс жасайды. Балауса қыздың алдында арқа сүйер ағасы 2006 жылы туылған Шарипов Махамбет есімді қамқор ағасы бар. Қарындасына жақсы үлгі көрсетуге тырысатын Махамбет – №60 мектеп-лицейде білім алып жүр. 
   Қай нәрсенің болмасын, іргетасы мықты болса ғана, әрі қарай қаланған қабырғасы да шыдамды болмақ. Маңдайын күн сүйіп, шашын жел тараған, ақ бантигі желбіреген өрелі балауса 2015 жылы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің табалдырығын аттап, аталған білім ордасының «Скрипка» бөлімінің шәкірті атанады.
   «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым» деген Әбу Насыр Әл-Фарабидің сөзін басшылыққа алған білімқұмар Арайлым бала жанын көзінен ұғатын ұстаздарының пікірінше, ол бүкіл сабаққа тыңғылықты, жан-жақты дайындалып, әр тақырыпты жаңа қырынан ашуымен ерекшеленді.
   Жаны нәзік, көңілі көркем, талғамы жоғары талантты ару білім мен өнерді қос қанатындай қатар алып жүруді қалайды. Музыканы терең сезінетін өнерлі жас скрипкадан сабақ алып, классикалық шығармаларды ойнауға талаптанып жүр. «Адам баласы белгілі бір салада асқар шыңдарды бағындыру үшін, өзі айналысатын істен ләззат алу керек», – дейді данышпандар сөзінде. Арайлым сүйіп жасайтын әрбір ісінде оның жан дүниесінің жылулығы, ерекше таланты сезіліп тұрады.
    Бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді. Отбасының жылуы мен қолдауын сезіп, сүйіспеншілікке бөленіп өсіп келе жатқан алғыр жас бос уақытын тиімді пайдалана біледі. Зейінді өрен заманауи би үйірмесіне барып, би өнерімен шұғылданып жүр.
    Бір арнаның бойында тоқталып қалмай, алға ұмтылып, жан-жақты жетіліп келе жатқан Кенесбай Арайлым Худайбердиқызы жақындарының мақтанышына айналып, өз биігін бағындырар тұғыры биік тұлға болуды армандайды. Мақсаты биік, бағыты айқын. Демек, дегеніне жетеді. Біз де дарынды жастың мақсатына жетіп, ел мақтанышына айналар танымал тұлға боларына сенеміз!
[lang=ru]Оставить комментарий[/lang][lang=en]Leave a comment[/lang]
  • [lang=ru]Ваше имя[/lang][lang=en]Your name[/lang]*:

    E-Mail*:

  • [lang=ru]Комментарий[/lang][lang=en]A comment[/lang]*:

  • [lang=ru]Подтвердите что вы не робот[/lang][lang=en]Confirm that you are not a robot[/lang] - [] *:

{lang_lastnews}