Хабибулла Аяжан

Рейтинг:

«АТА-АНАМА ҚУАНЫШ СЫЙЛАП, 
ЕЛГЕ ПАЙДАМДЫ ТИГІЗУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМ!»
 
      Жас ұрпақты бiлiм нәрiмен сусындатып қоймай, өмірдің сан тарау жолында бағыт-бағдар беру – ата-ананың бұлжымас парызы.  «Адамнан адам тәлім, үлгі алады». Ақниет те осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырып, текті ата-әжеден, әке-шешеден тағылымды тәрбие алып бой түзеп келеді. «Тәрбиелі адам тағаланған атпен тең» дейді дана халық. Бұл сөздің астарына үңілетін болсақ, перзент мықты тәрбиеге қанығып өссе, келешекте түзу жолдан таймасы анық.
      Адамның ой-зердесі қаншалықты биік болса, оның тұғыры да биік болмақ. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Ұлы ақын Абай айтқан дәл осы қасиеттер болашағын Қазақстанның жарқын келбетімен байланыстырған Хабибулла Аяжан Асқарқызының бойынан табылады. 
      Мөлдіреген жанарынан ойының тереңдігі білінетін Аяжан Қазақстандағы ең әсем қала, таулары аспанмен астасқан, жасыл желекке оранған әсем шаһар Алматыда туған жылы толық отбасында өмірге келді.
      Дарынды қыздың отбасы бүгінде оның жетістігімен мақтанады. Қазыналы қариялары бар отбасы – рухани бай,   тағылымы мол жанұя. Қасиеті мол, ақылы дара, өнегесі үлгі ардақты атасы Ерімбетов Хабибулла – ұлағаты мол, шарапатты жан, Еңбек ардагері. Мейірім шуағына бөлеп жүрген жан шуағы мол, ақпейілді аппақ әжесі Султанбекова Алия – білім меңгерушісі. Мінезі жайсаң, турашыл, еңбексүйгіш, асқар тау әкесі Ерімбетов Асқар – географ. Күн көзіндей шуақты, мейірбан, асылзат анасы Арапова Айгуль – жеке кәсіпкер. 
      Жасынан зеректігімен танылған өрелі өрен Аяжан отбасы тәрбиесін «Айгөлек» балабақшасында жалғастырып, осы жерде әдеп әліппесін меңгеріп, оң мен солын таныды. Балабақша қабырғасында жүріп-ақ белсенділік танытып, мәдени іс-шараларға қатысып, өнерімен танылып, жақсы қасиеттерін ұштай түсті.
      Шашын жел тарап, маңдайын күн сүйген ақ бантикті аппақ Аяжан Асқарқызы Алматы қаласындағы №126 мамандандырылған лицейіне шәкірт боп қабылданған күннен бастап өз ортасымен тез тіл табысып, білім ордасынан көптеген достар тапты. Мектепте өткізілетін барлық іс-шаралардың бел ортасында жүретін белсенді шәкірт талай жарыстарға қатысып,  жетістіктерге қол жеткізіп, белсенділік танытып келеді.
      Халқымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Оқу-білімсіз өнер де жоқ, ақын болу үшін де, болмаса басқа түрлі өнерпаз болу үшін де, ең алдымен білім керек», – деген екен.  Білімнің пайдасын ерте түсінген білімпаз шәкірт 4 жастан «junior» оқу орталығындағы бейнелеу өнері, ағылшын тілі курстарына қатысты.
      «Музыка – жүрек тілі, ол – сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Ол дыбыстар арқылы бейнеленген жан сарайы» – деп әлемге танымал талантты әнші А.Н.Серов айтқандай, музыканы жан-тәнімен сүйетін жас дарын тумысынан зерек, сезімтал. 
      Көңілі көркем, ойы ұшқыр, арманшыл Аяжан кішкентайынан ән мен биге құмар, өнерге ынтық, сұлулыққа ғашық. Жан-жақты жетіліп келе жатқан өнерлі өрен 3 жыл бойы классикалық би өнері үйірмесіне қатысты. Сол сәттен бастап, қазіргі уақытқа дейін өзін-өзі жетілдіріп, үнемі ізденіс үстінде жүреді.
      Ақылын даналыққа, білімін алғырлыққа алмастырған талапшыл шәкірт  6-сыныпта мектепішілік олимпидада математикадан ІІІ орын алып, тағы бір марапатты иемденді. Сонымен қатар «Кенгуру – математика для всех» атты Республикалық интеллектуалдық сайысынан І орынды иемденіп, басқа да білім жарыстарына қатысып, марапаттарын еселей түсті.
      Халық даналығы: «Көп көрген үйренеді, көп білген сый көреді», – дейді. Расында да, білімдінің аты озып, бәйгенің алдын бермейтіні – хақ. Озық ақылы, тағылымды тәрбиесі арқылы жастайынан   ортасының алды болып есейіп келе жатқан Аяжан – бейнелеу өнеріне ден қойған өрендердің қатарында. Өнерпаз Айжан сурет салу бойынша шығармашылық сайыстан І орын алған жеңімпаз. Талапшыл қыздың қолынан шыққан ерекше туындысы бүгінде Қастеев атындағы мұражайда «Жас суретшілер» бөліміне ілініп, көпшіліктің көзқуанышы болып тұр.
      Зерделі, қабілетті Аяжан «Ақбота-2013» интелектуалдық марафонынан жүлделі ІІ орын иемденген. Білімпаз шәкірт ағылшын, география, информатика, математика пәндерінен қашықтықтан өткізілген Халықаралық «Олимпис» олипиадасының І орын жүлдегері атанып, мерейі үстем болды.
      Тегінде адам баласы бір-бірінен білім-ғылым арқылы озатынын жақсы ұғынатын ұғымтал  жас «Жас таланттар» жарысынан ІІ орын, аудандық математикадан болған олимпиададан І орын, Қасымов Құлжанбай атындағы физика, математикадан өткен олимпиададан ІІ орын иемденіп, жетістіктің даңғыл жолына шықты.
      Заман талабына сай ағылшын тілін меңгеруді қалайтын ізденімпаз балауса Ағылшын тілі курсын толықтай АҚШ-та бітіргені үшін Мақтау қағаздарын иемденіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді.
      Салауатты өмір салтын ұстанатын жаңашыл жас спортқа да біртабан жақын. Табиғат аясында демалып, тауға шығып, музыка тыңдап, қиял әлеміне жиі енетін сезімтал қыз би билеуді де ұнатады. Сонымен қатар қолы қалт еткенде анасына көмек беріп, волонтёрлікпен де айналысады.
      Білімсүйгіш шәкірттің арманы – «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша жоғары білім алып, өз саласының майталман маманы болып, білгір де білікті басшы атану. Ата-анасының ақ үмітін ақтап, халыққа адал қызмет етіп, мақтауға лайық танымал тұлғаға айналу.
      Өзіңдей қазақ қыздарын тек баянды болашақ күтеді. Білімнің терең теңізіне бойлап, маржан сөздің асылын теретін текті халықтың қарақат көз аруы Хабибулла Аяжан Асқарқызы – бала кезінен шығармашылық шырқау биіктерге ұмтылатын талапшыл өрен. Ізденімпаз, қабілетті жастың шығар биіктері мен алар асулары көп болатыны анық.

[lang=ru]Оставить комментарий[/lang][lang=en]Leave a comment[/lang]
  • [lang=ru]Ваше имя[/lang][lang=en]Your name[/lang]*:

    E-Mail*:

  • [lang=ru]Комментарий[/lang][lang=en]A comment[/lang]*:

  • [lang=ru]Подтвердите что вы не робот[/lang][lang=en]Confirm that you are not a robot[/lang] - [] *:

{lang_lastnews}