![]()
Мәңгілік қазақ Елінің аспанында әуелете ән шырқап, биші қайыңдардай бұрала билеп, қазақ өнерінің көгінде жұлдыздай жарқырап келе жатқан дарынды жастар легі күн санап артып келеді. Ұлтымыздың тұғыры биік тұлғасы, киелі сахнаның қадірін түсініп, ұлылығына балаған болашақ сахна өнерінің жарық жұлдыздары Тәуелсіз Қазақстанның әр аймағынан асқаралы шыңға қарай бой түзеп келеді.
Сахна сәніне айналған сұлулар салтанат құрса, көркемдік пен нәзіктіктің символы болары сөзсіз. Осындай қаракөздеріміздің бірі – Әйбәт Есболатқызы 2005 жылы шілде айының 29 жұлдызында Қытай Халық Республикасына қарасты Шынжан аймағында ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасында өмір есігін ашты.
Бағасы өлшеусіз уақыт ағымында, асау өмір толқынына ілесе ерген, көкжиектен бой алған арман отын жандандыруға талпынысы жоғары балдырған Қытай елінің Санжы қаласының Манас ауданында 1-сыныпқа оқуға қабылданып, білім әлеміне жол тартты.
Білуге, білімге құмар жас талап қытай сыныбында білім алып, 4-сыныпты үй жағдайында оқып бітірді. 2016 жылы отбасымен бірге атажұртқа қоныс аударды.
Қазақстан Республикасының бас қаласы, елордамызға қоныс теуіп, 2016 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетіне қараша айында шәкірті болып қабылданды. Қазіргі таңда оқуға ынталы қыз 8 ғ сыныбының дәстүрлі ән мамандығы бойынша бар зейінімен білім алуға ұмтылуда.
«Қыз қылығымен көрікті» демекші, салмақтылық пен сабырлылық, биязылық сынды қасиет бір бойында байқалып тұратын Әйбәт – отбасының гүлі.
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай, Әйбәт – өнер әлеміне де қанат қаққан қарлығаш. Талантты ару ән мен би өнері бойынша талантын шыңдаумен келеді.
Өнер – Тәңірдің сыйы. Кез келген адамның бойына талант беріле бермейді. «Таудай талап пен бармақтай бақ бер» дейтін қазақтың өнерлісіне өріс кең. Қанаты талмай, бағы мен бабы жарасып, тау асып жатыр. Жеткен жетістіктері сонау көк аспанмен астасып, таласып жатыр. «Өнер өрге жүзгізеді» деп бекер айтпаса керек-ті. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік ақынжанды сұлу өзін жан-жақты қырынан танытып келеді. Би де, білім де, өнер де өн бойынан табылады.
Озық технологиялық, ақпараттық заманда ұлтының кемеліне келіп, рухани өсуіне ықпал жасауды көздейтін Есболат Әйбәт – алға ұмтылғыш, жігері жасымайтын жеткіншек. Шығармашылық қырымен танылып жүрген талантты ару мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы. 2017 жылы «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған қалалық «Шырқа дауысым» дәстүрлі ән байқауында ІІ орынға ие болып, дипломмен марапатталды.
Ән-би өнерімен қатар спорттық ойындарды ұнатады. Дене сымбатына ерекше көңіл бөледі.Сол себепті, денешынықтыру жаттығуларын жасап, өзі ұнататын ойын түрлерімен айналысады. Анасының қасында бір сәт асханада болып, аспаздық іспен де шұғылданады. Дәмді тағамдар мен түрлі тәттілер пісіруге жаны құмар.
«Арман – аққанатты аппақ құс емес пе?!. Мені алыс қияларға алып ұшады. Шығармашылық қабілетімді одан әрі жетілдіріп, өнер сахнасында өз келбетім қалыптасса деп армандаймын. Шетел асып, саяхат жасағым келеді. Заманауи уақытқа сай бірнеше шет тілдерін меңгеру үстінде талаптанып жүрмін. Ең бастысы, отбасы жақындарым мен Ұлы Қазақ Елі үміт артатын, солардың сенімін ақтай алатын дарынды жас болып қалыптассам деймін», – дейді өнерлі ару Есболатқызы Әйбәт.