БОЛАШАҒЫМДЫ ӨНЕРМЕН ӨРНЕКТЕП, ЖЫРМЕН КЕСТЕЛЕГІМ КЕЛЕДІ
«Әсем ән мен тәтті күйдің құлақтан кіріп бойды алуы» айтушыға да байланысты. Көп нәрсені ұқтырады. Жүректен құйылып шыққан әсем әуез тыңдаушыға керемет әсер сыйламай қоймайды. Ұлы ақын, данышпан Абай атамыз айтқандай, «Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй» деген өлең тармақтары ән салу өнерінің қаншалықты құдіретті, рухани қазынаға тең екендігін анықтап тұрғандай. Қасиетті өнерді ардақтап, әнмен сусындап, балалық балдәурен шағымнан жыр жаттап, өнерге жақын болып келемін.
Төрт жыл бойы Нұр-Сұлтан қалалық №2 өнер мектебінде оқып, осы мектептің театр сыныбын 2019 жылы бітіріп, емтихандарды жақсы тапсырып, куәлік иегері атандым. Осы өнерімнің өрге жүзгенін қалаймын.![]()
Осындай жетістіктерге жетуіме – өнер жолында жүрген өнерлі аға-апаларымның шығармашылығы мен тәжірибелері себепші. Өнерден алыс емес бауырларым әрдайым жарыс алдында ақылдарын айтып отырады. Сахна мәдениетіне үйретеді. Байқауларда бақ сынап, жеңіске жетуімнің негізі – ұстаздарым мен жақын жандарымның ұшан-теңіз еңбегінің жемісі. Сол үшін оларға шын жүрегіммен алғыс айтамын!
Отбасым мен мектебімнің үмітін ақтар азаматы боламын деп үміттенемін. Киелі сахнада өнер көрсетіп, театр өнерінің майталманы болғым келеді. Тәуелсіз елімді әлемге танытатын, болашақта үлкен белестерді бағындыратын өнер иесі болсам деген аппақ нұрлы арманым бар», – дейді арманшыл жас Аңсар Саятұлы.
Кубенбаев Аңсар – 2003 жылы 25 тамыз күні Алматы қаласында өмір есігін ашқан өнерлі өрен. Ол шаршау мен қажуды білмейді. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласындағы №32 балабақша қабырғасында таным көкжиегін кеңейтсе, үйінде ата-анасына қолғанат. Елгезек бала білім алумен қатар, бәйгелерде топ жарып, қосымша сабақтарға да қатысуға уақыт табады. Оның қысыр қылықтар мен жат әдеттерге бой алдыруға мүлдем уақыты жоқ. Бос уақытында білімін шыңдап, түрлі үйірмелерге қатысады. Өйткені, ұқыпты өрен – әрбір секунд, әрбір минутты тиімді пайдаланып, өзін жан-жақты дамытуға жұмыс істейтін жан. Аңсар Саятұлы асқан асулар сан қилы. Өнер, спорт, білім, қажеттінің барлығына бейім сан қырлы шәкірт десек те жарасады.
«Ақыл көпке жеткізер, Өнер көкке жеткізер» деген ұстанымдағы ұлтжанды, елжанды, шығармашыл Аңсардың жанұясы:
Бала тәрбиесін мемлекеттік деңгейдегі мәселе ретінде қабылдайтын шаңырақта адамдықтың биік болмысы мен қоғамда өз ізіңді қалдыру тақырыбы жиі көтеріледі. Сондықтан мақсатшыл, талапшыл Аңсардың тәрбиесімен әке-шешесі, жақындары да айналысады. Асқар тау әкесі Кубенбаев Саят Ильясұлы мен жылуы мен шуағы мол мейірбан анасы Кубенбаева Гульдана Джамбайұлы – перзенттеріне ізгілік нұрын құйып, адамгершілікке баулып жүр. Ардақты әкесі Кубенбаев Саят Ильясұлы – Сыртқы істер министрлігінде, шетелде Түрікменістанда ҚР елшісінің кенесшісі, Террорға қарсы орталығында қызмет жасаған, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрген азамат. Аяулы анасы Кубенбаева Гульдана Джамбайұлы – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ӘД бас менеджері қызметінде. Олар кекілді ұлдарының кемел келешекте өнер әлемінің жұлдызы болып жануы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Жыр жауһарларын жаттап өскен өрелі өрен Мұқағали өлеңдерін жатқа айтады. Көпбалалы отбасында тәлімді тәрбие алған Аңсардың алдында жанашыр әпкелері мен ізінен ерген сүйкімді інісі бар.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, алдындағы үлгі тұтар әпкелерінің барлығы жоғары білім алуға жасынан талпынып, ағылшын, қытай, түрік тілдерін меңгерген. Үлкен әпкелері Исмагулова Алиман Саятқызы мен Кубенбаева Рахима Саятқызы – Қытай мемлекетінде жоғары білім алып, университетті бітіріп, білікті мамандар қатарына енді. Қазіргі таңда әпкелері отбасын құрып, балалы болған бақытты жандар қатарында. Ал кенже әпкесі Кубенбаева Томирис Саятқызы Германия мемлекетінде, Берлин қаласында білім алуда. Томирис бірнеше тіл біледі, оның үстіне неміс тілін де жақсы меңгерген.
Өзінен кейінгі ізбасар інісі Кубенбаев Нуртай Саятұлы – Нұр-Сұлтан қаласындағы № 66 мектеп-лицейінің 9 «Ә» сынып оқушысы. Інісі неміс тілін үйреніп жүр. Оның үстіне ағасы секілді салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен де шұғылданады.
Зерек шәкірт Кубенбаев Аңсар 1-9 сыныптарда елордадағы №38 лицей-мектебінде оқып, білім баспалдақтарымен жоғары өрледі. Қазіргі таңда «Білім – ырыс қазығы» деген қанатты сөзді басшылыққа алған Аңсар Саятұлы – Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектеп-лицейінің 10 «Б» сыныбында білім көкжиегін бағындыруда.
Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік, сөзге шешен Аңсар қытай тілін ұнатады, қолы қалт еткенде қытай иероглифтерін жаттап жүреді. «Шынықсаң – шымыр боларсың» дегенді бетке алып, жасынан спортқа бейім болды. Ұлағатты ұлан 5 жыл бойы інісі Нуртаймен бірге каратэ секциясына қатысты. Жігерлі жас бүгінде бокс үйірмесінің тұрақты қатысушысы. «Өнер алды – қызыл тіл» деген пікірді қуаттайтын өрелі өрен бос уақытында жыр жаттап, гитара аспабында, пианинода ойнауды үйреніп жүр. ![]()
Болашақ өнер жұлдызының жетістіктері:
Руханият әлеміне жақын шығармашыл жас Аңсар Нұр-Сұлтан қалалық №2 өнер мектебінде дәріс алып, мектеп атынан 2018 жылы Ақтау қаласында өткен «Ә.Кекілбаев оқулары» сайысына қатысып, «Шыңырау» шығармасы бойынша Енсептін рөлін сомдады. 2019 жылы Түркістан қаласында «Дарабоз» атты Республикалық өнер байқауында классик жазушы Ш.Айтматовтың «И дольше века длится день» шығармасы бойынша қойылымға қатысып, І орын алып, мерейі үстем болды.
Жігерлі, талапшыл Аңсар Саятұлы каратэ спорты бойынша көптеген аудандық, қалалық, Республикалық жарыстарға қатысып, бақ сынады. Жаупкершілігі мол қайсар, табанды спортшы өзі қатысқан жарыстарда үнемі биіктерден көрініп, үш рет І орын, үш рет ІІ орын, бір рет ІІІ орын алып, «Кубок» иегері атанып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Атақты Жиренше шешен бес жастағы баласын «азаматым» деп таныстырған. Біздің қазақ – ұланын ұлықтап, азаматын таныған халық. Өйткені адамның қандай тұлға болып тұғырға шығатыны арманынан белгілі болмақ. Аңсардың арманы – азаматтың арманы!
Ендеше, біз де Аңсар Саятұлына сәттілік тілеп, биік белестерді бағындырып, толайым табыстарға жете бер, өнердегі, өмірдегі бақ жұлдызың жарқырай берсін, жас дарын дегіміз келеді!
![]()
![]()
![]()